Тағы бір қазақ боксшысы кәсіпқой рингте алғашқы жекпе-жегін өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana Arlans» құрамында WSB чемпионы болған Арман Рысбек АҚШ-та кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне дайындалуда, деп хабарлайды Sports.kz.
Боксшының менеджері Фархад Шарипов Facebook-ке Арманның дебюті 1 желтоқсан күні Флорида штатының Тамп қаласында, тағы бір қазақстандық былғары қолғап шебері Иван Дычконың бокс кешінде өтетінін жазды.
Оның қарсыласы 26 жастағы америкалық боксшы Дональд Джексон (0-1) болмақ. Екінші орта салмақтағы жекпе-жек төрт раундқа жалғасады.
Boxrec.com-ның ақпаратына сүйенсек, 27 қаңтарда Орландода Арман екінші айқасын өткізуі тиіс. Онда жерлесіміз америкалық Эштон Сайкспен (1-0) жұдырық түйістіреді. Сол бокс кешінде рингке Кіші Флойд Мэйвезердің інісі Джастин Мэйвезер Джонс та көтеріледі.