15:55, 27 Ақпан 2018 | GMT +5
Тағы екі қазақстандық әуе компаниясы Еуропаға ұшуға рұқсат алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «FLY JET.KZ» және «Jet Airlines» АҚ әуе компаниялары Еуропаға ұшуға рұқсат беру процедурасынан өтті. Бүгінгі таңда жеті отандық әуе компаниясы Еуропалық одақ елдеріне ұшу мүмкіндігіне ие болып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
Бұдан бұрын «Air Astana» АҚ, «Prime Aviation» АҚ, «Каз Air Jet» АҚ, «Comlux-KZ» ЖШС, «SCAT» әуе компаниялары ұшу қауіпсіздігі бойынша Еуропалық агенттіктің (EASA) авторизация рәсімінен өткен болатын.
Комитетте еске салып өткендей, қазақстандық әуе компанияларынан Еуропаға ұшу шектеулері толығымен алынып тасталған.
Анықтама: Еуропалық одаққа рейстер ұшыру мақсатында үшінші елдердің пайдаланушылары үшін 2014 жылдың сәуір айында Еуропалық Комиссия оларға міндетті түрде рұқсат беру талаптарын енгізді. Аталмыш авторизациялау процедурасын ұшу қауіпсіздігі (EASA) жөніндегі Еуропалық агенттік жүзеге асырады. Рұқсат беру рәсіміне сәйкес, пайдаланушы ұшатын күніне дейін EASA-ға өтініш берулері керек.