Таиланд елордасында үкімет әскері шерушілерге оқ атты
БАНГКОК. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат – Таиланд елордасы Бангкокте үкімет әскері мен оппозициялық шерушілердің арасында қақтығыс басталды.
Алғашқы тәртіпсіздіктер Din Daeng жолайрығы ауданында, яғни шерушілердің негізі шоғырланған жерден бірнеше шақырым жерде тіркеліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Тайландтық телеарналар жараланған адамдар туралы кадрлар көрсетуде, деп хабарлайды Associated Press агенттігі. Үкімет әскерлерінің шерушілерге оқ ашқаны туралы хабарлануда. Әскерилер де шерушілерді тарату жөніндегі операциялар жүргізіліп жатқанын растап отыр. Кейіннен мәлім болғандай, наразылық білдірушілер жауынгерлерге қарсы тастар, кейбір мәліметтер бойынша, тіпті жанатын қоспалар құйылған шөлмектер лақтырған. Тай армиясы өкілдерінің айтуынша, қақтығыстарға 300-дей бүлікші қатысып, оларға 400 әскери қарсы тұрған. Шерушілер тарапынан мылтықтар атылған кезде, әскерилер де оқ атуға мәжбүр болған. Әзірге бірнеше ондаған адамның жарақаттанғаны ғана хабарлануда. 2006 жылы төңкеріс нәтижесінде тағынан тайдырылған премьер-министр Таксин Чинаваттың елге қайтуын қолдап отырған оппозиция өкілдері бір жылдың ішінде осымен екінші рет билікке радикалды қысым көрсетіп отыр. 2008 жылдың жазында бүлікшілер тобы елдің бас әуежайларын басып алып, елдің туристік инфрақұрылымына айтулы зиян келтірген болатын. Ал ағымдағы жылы шерушілер АСЕАН саммитін өткізбей тастады.