Таиландта әскери кеме апатқа ұшырап, 31 теңізші жоғалып кетті

БАНГКОК. СИНЬХУА-ҚазАқпарат – Таиланд әскери-теңіз күштерінің кемесі дауыл кезінде апатқа ұшырап, 31 теңізші із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.

Таиландта әскери кеме апатқа ұшырап, 31 теңізші жоғалып кетті

Теңіз күштерінің кемесі Сиам шығанағында апатқа ұшырады.

«Сухотай» корветі дүйсенбіде жергілікті уақыт бойынша сағат 00:12 (Астана уақыты бойынша жексенбі күні сағат 23:12) шамасында суға батып кетті», - деп хабарлады Таиланд корольдігі ӘТК өкілі адмирал Поккронг Монтатпалин.

Таиланд корольдігі әскери-теңіз күштерінің мәліметі бойынша, дауыл кезінде батып кеткен «Сухотай» корветінің бортында 106 экипаж мүшесі болған.

«Дүйсенбі күні түстен кейін олардың 75-і қауіпсіз жерге жеткізілді», - делінген Таиланд корольдігі әскери-теңіз күштерінің мәлімдемесінде.

Мәлімдемеге сәйкес, корольдіктің әскери-теңіз күштері оқиға орнына үш фрегат пен екі тікұшақты құтқару құралдарымен бірге жіберген. Алайда, қатты жел мен толқын құтқару жұмыстарына кедергі келтірген.

Фото: АР