Таиландта әскерилер сенатты таратып жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландтың әскери үкіметі өзінің бұйрығымен және әскери жағдай туралы заңға сәйкес елдің сенатын таратып жіберді.
Сенаттың таратылатындығы жайында ұлттық телеарналардың эфирінен әскери үкіметтің өкілі жариялады. Сенат таратылғаннан кейін, әскери үкімет енді заңнамалық және атқарушылық билікті толық қадағалайтын болады. Естеріңізге сала кетейік, Таиландтағы саяси дағдарыс 2013 жылдың қараша айынан басталған. Сол кезде Бангкокта елдің премьеры Йинглак Чинават саясатына қарсы бірнеше шерулер өткен. Таиландтықтар үкімет басшысы өзінің ағасының айтқанымен жүр деген ұйғарым жасап, соған наразылық білдірген. Ал оның ағасы 2006 жылғы төңкерістен кейін шетелде тұрып жатқан экс-премьер Таксин Чинават. Айта кетейік, 19 мамырда Таиландтың қарулы күштері әскери жағдай жариялап, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндетін өз мойнына алды. Әскерилердің өзі мұны «кезекті төңкеріс емес» деп түсіндірді. Олардың сөзіне қарағанда, бұл бейбітшілік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда. Ал 22 мамырда Таиландтың құрлықтағы әскерінің қолбасшысы генерал Прают Чан-Оча елдегі әскери төңкеріс жайлы жария етті.