Таиландта басталған сайлау елде дүрдараздықтар тудыруы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландта ұлттық парламент депутаттарын сайлау үшін дауыс беру учаскелері ашылды. Сайлау ширыққан жағдайда өтіп жатыр, көптеген шолушылар оның нәтижесінде қоғамдағы дүрдараздықтар күшейе түсуі мүмкін, деп есептейді.
Al Jazeera телеарнасы хабарлағандай, Бангкок астанасында өтіп жатқан дауыс берулер көбірек қауіп тудырады. Себебі, оның қарсаңында 8 адамның, оның ішінде 1 американдық журналист жаралануы наразылықтар тудыруы мүмкін. Мұнда қоғамдық тәртіпті сақтауға 12 мың полиция қызметкері жұмылдырылған.
Елдегі жағдайдың ширығуының басты себебі мынада. Қазіргі премьер-министр Инглук Синавтардың негізгі қарсыластары, Таиланд Демократиялық партиясының мүшелері сайлауды азаматтық соғыс жағдайында өтіп жатыр дерлік деп танып, оған қатысудан бас тартты. Қалада сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының да жүргізілмегенін айта кеткен жөн. Себебі, ол қалада кикілжіңді келеңсіздіктер тудыруы мүмкін деген қауіп басым болды.
Таиланд әскері әзірге бейтарап күйде. Әскерилер Бангкоктегі үкіметті жақтаушылар мен оппозиция арасындағы қарама-қайшылықтар бүкіл елге жайылатын азамат соғысына айналып кетуі мүмкін, деген қауіппен биліктен сайлауды өткізбеуді сұраған еді. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі саясаткерлер шабуылдың алдын алуға әзір болмаған жағдайда әскер билікті өз қолына ала алады деген мәлімдеме жасаған.
Соңғы екі ай ішінде Таиландтағы саяси қайшылықтар құрбандарының саны 10 адамға жеткен, 577 адам ауырлығы түрлі дәрежедегі жарақаттар алған.