Таиландта болған жарылыс салдарынан бір адам қаза тауып, жетеуі жарақаттанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландтың оңтүстігінде Сонгкхла провинциясындағы мейрамханада гранатаның жарылуы салдарынан бір адам ажал құшып, жетеуі жарақаттанды. Бұл туралы сейсенбі күні жергілікті полицияға сілтеме жасап ТАСС хабарлады.
Оқыс оқиға дүйсенбі кешке болған. Алдын ала ақпарат бойынша, мейрамхана аумағында граната жарылған. Мекемеге келгендер ауыр жарақаттар алды. Құқық қорғау органдары хабарлағандай, 10 минуттан кейін мейрамхана жанында тағы бір жарылыс болды. Алайда жапа шеккендер жоқ.
Караоке-барға шабуыл жасау жауапкершілігі аймақтағы сепаратисттердің мойнына артылды, деп хабарлады жергілікті
полиция.
Таиландтың мұсылмандық оңтүстігінде сепаратисттер бар. Олар билікпен 11 жыл қатарынан партизандық соғыс жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында жарылыстар мен атыстар салдарынан 6,5 мыңнан астам адам қаза тапты.