Таиландта ұзаққа созылған суықтан 63 адам ажал құшты

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Соңғы он жыл ішінде Таиландта күз және қыс айлары қатты суытып тұр. Қазір ұзаққа созылған суықтың кесірінен елдің 27 провинциясында 63 адам мерт болған. Бұл туралы корольдіктің метеорология департаменті хабарлайды, деп жазады ИТАР-ТАСС.

Таиландта ұзаққа созылған суықтан 63 адам ажал құшты

Аталмыш ведомствоның мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылдың 22 қазанынан бері ажал құшқандардың басым көпшілігі - ер адамдар. «Көптеген жағдайларда адамдардың өлімге ұшырауының негізгі себебі - олардың тым қатты тоңуы салдарынан сырқатқа ұшырауы немесе ауруларының асқынып кетуінен болып отыр», - деп хабарлады аталған мекеменің өкілдері.

Ауа райын болжаушылардың хабарлауынша, солтүстік және солтүстік-шығыс провинцияларда ауа температурасы түнгі уақытта төрт градус Цельсийге дейін төмендейді. Корольдіктің орталық аймағында да күн райы тым суық. Бангкокта 23 қаңтар күні таңертең ауа температурасы +15,6 C°-ді көрсеткен. Таиланд астанасында ауа температурасының бұлайша төмендеуі соңғы 30 жылда алғаш рет байқалып отыр. .

Тропикалық өлкенің тұрғындары енді әсіресе, таңертеңгілік уақыттарда жылы күртешелері мен бас киімдерін киіп жүруге мәжбүр.