Таиландтағы дауылда қазақстандықтар зардап шеккен жоқ - СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландтағы дауылда қазақстандықтар зардап шеккен жоқ. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияровқа сілтеме жасап хабарлайды.
None
None

«Таиландтағы дауылдың беті қайтты. Ол Таиландтың Краби провинциясы мен Пхукет аралына 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні жетті. Таңертең құйын солтүстік-батысқа қарай ойысып, Андаман теңізіне қарай кетті. Таиланд курорттарында тынығып жатқан Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ. Отандастарымыздан шағым түскен жоқ. Біздің дипломаттар жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр», - деп атап өтті Айбек Смадияров.

Тай билігінің болжамынша, жаңбырлы ауа райы әлі де бірнеше күн сақталады. Кей аудандар су астында қалып қойған. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды барынша абай болып, судан сақтануға шақырады. Аса үлкен қажеттілік болмаса, курорттан тыс жерлерге шықпаған жөн.

Айта кету керек, қазақстандық БАҚ-та жарияланған ескертпеден кейін көптеген отандастарымыз дипломаттармен байланысқа шығып, өз координаттарын қалдырған. Елшілік олармен тығыз байланыста жұмыс істеп, барлық қажетті көмекті көрсетуге әзір.

Соңғы жаңалықтар