Таиландтан поштамен марихуана алдырған астаналық жасөспірім сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада колледж студенті Telegram мессенджері арқылы Таиландтан кептірілген марихуана (998 грамм) алдырып сатпақ болған.

Таиландтан поштамен марихуана алдырған астаналық жасөспірім сотталды
Фото: Pixabay.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы, кәмелетке толмаған колледж студенті Б. Telegram мессенджеріндегі «В» аккаунтын пайдаланушымен келісіп, есірткі сақтайтын қоймаға жұмысқа тұрған. 

Аккаунт пайдаланушысы Б.-ның жеке деректерін пайдалана отырып, Таиланд корольдігінен халықаралық пошта арқылы Қазақстан Республикасына 998 грамм кептірілген марихуананы жіберген. 2024 жылғы 6 тамызда Б. «Қазпошта» АҚ филиалынан тапсырысты, яғни есірткіні алған.

— Б. есірткіні сақтау, орау және сату мақсатында пәтер жалдаған. Сол күні Б.-ның үйін тінту барысында 998 г кептірілген марихуана табылып, тәркіленді. Сотталушының кінәсі үйді тінту хаттамасымен, куәгерлер мен пошта қызметкерлерінің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және Telegram аккаунтының пайдаланушысымен хат алмасу ақпараттарымен дәлелденді, — делінген соттың шешімінде. 

Сотталушы өз кінәсін толық мойындаған және прокурор 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. 

— Сот жаза тағайындау кезінде жасалған аса ауыр және ауыр қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескерді. Сот үкімімен Б. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1,5) тармақтарында және Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі — 286-бабы 2-бөлігінің 4, 5) тармақтарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, — деген сот үкімі шықты.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, өткен жылы елімізде 22 тонна есірткі тәркіленді. 

Айта кетейік, Алматыда «Наркостоп» жобасының қорытындысы бойынша есірткіге тәуелділердің 44 пайызы қызығушылықтан қолданады. 

Соңғы жаңалықтар