Takata қауіпсіздік жастығындағы ақау үшін $1 млрд айыппұл төлейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапониялық Takata компаниясы автокөлікке ақаулы қауіпсіздік жастығын орнатқанын мойындады. The Wall Street Journal хабарлауынша, өндіруші шағымдарды реттеп, тергеуді тоқтату үшін АҚШ қазынашылығына $1 млрд көлемінде айыппұл төлейді.
Басылымның хабарлауынша, айыппұлдың $25 млн ғана АҚШ үкіметінің шотына кетеді. $850 млн жуық қаражат Takata қауіпсіздік жастығын орнатқан автокөлік өндірушілердің шығынын өтеуге жұмсалады. $125 млн зардап шеккен ақаулы көлік иелеріне және опат болғандардың туыстарына өтемақы ретінде беріледі.
Takata қауіпсіздік жастықтары жөніндегі дау-дамай 2014 жылы басталды. Жастық ақауынан әлем бойынша 16 адам көз жұмып, тағы 180 адам жарақат алған.