Такир Балықбаев Халықаралық бизнес академиясы ректорының қызметін атқарушы болып тағайындалды
АЛМАТЫ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы халықаралық бизнес академиясында жаңа ректор өз қызметіне кірісті. Бұған дейін ректор-президент қызметін атқарып келген Асылбек Қожахметов енді президент лауазымын ғана атқарады. Педагогика ғылымының докторы, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев кеше бұйрық бойынша ректор қызметін атқарушы болып тағайындалды. Оның кандидатурасы академияның Қамқоршылар кеңесінің мәжілісінда мақұлданды.
Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті математика факультетінің түлегі Т. Оспанұлы 1986 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде физика-математика ғылымдары кандидаты, ал 2003 жылы педагогика ғылымдары докторы диссертациясын қорғаған болатын. 2011 жылдың тамыз айынан бері Қазақ технология және бизнес университеті ректоры болып жұмыс жасады. Оған дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің проректоры, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік білім стандарттары және тестілеу ұлттық орталығының директоры, Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің төрағасы, Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының міндетін атқарушы сияқты түрлі қызметтер атқарды. 140-тан астам монографиялардың, оқу құралдары мен мақалалардың авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен 8 кандидаттық, 4 докторлық диссертация қорғалған.