Такси қызметін үйлестіруге орай заңдарға өзгерістер енгізу қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Такси қызметін үйлестіруге орай заңдарға өзгерістер енгізу қажет. Бұл туралы бүгін Астана қалалық кәсіпкерлерді қорғау кеңесінің 17-ші отырысы аясында тілшілерге сұхбат берген кеңес мүшесі Зейнолла Алшымбаев айтты.

Такси қызметін үйлестіруге орай заңдарға өзгерістер енгізу қажет

«Елордада кәсіпкерлік өте жақсы дамып келе жатыр деуге болады. Астананың ішкі жалпы өнімінің 60 пайызын қазіргі уақытта шағын және орта бизнес беруде. Ал бүгінгі кеңесте қаланы көлік жүйесімен қамтамасыз ету, такси қызметін жолға қою мәселесі қаралады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы такси қызметін көрсету  өте өзекті мәселеге айналып отыр.

«Мамандардың есебіне сәйкес елордаға 2 мыңнан 3 мыңға дейін такси көліктері қажет екен. Ал елордада жолаушыларды ресми тасымалдау құқығына ие 8 кәсіпорында небәрі 400-ге жуық қана көлік бар. Ал, қалғанын жеке көлігі бар барлық жүргізушілер толықтырып отыр», - деді З.Алшымбаев.

Кеңес мүшесінің атап өтуінше, бүгінгі кеңестің қорытындысы бойынша такси қызметін үйлестіруге қатысты заңға өзгерістер енгізу әзірленуі ықтимал. Өйткені, такси қызметі ережесі мен еліміздің заңнамасы арасында қарама-қайшылықтар бар.

«Әсіресе, жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсететін компаниялардың қызметін бастау мәселесі заңда бір сипатта айтылса, оның ережелері министрліктерде, өкілетті органдарда қабылданғанда басқа сипатқа ие болып тұрады. Осыны жоюымыз керек.  Бұған  қоса, такси қызметін шақырған кезде оның  келу уақыты 10 минуттан аспауы тиіс. Екіншіден, оны пайдалушылар өз қауіпсіздігіне алаңдамауы қажет»,-  деп атап өтті ол.