Такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған 4 қылмыскер қолға түсті
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Ағымдағы жылдың 15 ақпанынан 16 ақпанына қараған түнде такси жүргізушісіне пышақпен қоқан-лоққы көрсетіп,
қарақшылық шабуыл жасаған 4 қылмыскер ұсталды.
Бұл жөнінде бүгін баспасөз мәслихаты барысында Астана қаласы Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасының бастығығының орынбасары Талғат Жұманов хабарлады.
Талғат Жұмановтың мәлімдеуінше, қылмыскерлердің жоспарында жәбірленушінің автокөлігін иемдену болған. Жүргізуші машинасын тастап, көше бойымен қашып құтылмақ болған сәтте патрульдік көлікке жолыққан. Нәтижесінде полиция қызметкерлері тонаушылардың ізіне түсіп, қылмыскерлердің бірін қолға түсіреді, қалған үшеуі ізін жасырып үлгереді.
«Жол полициясы сақшылары мен Астана қаласы Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасы қызметкерлерінің бірлескен іздестіру шаралары нәтижесінде жәбірленушінің ұялы телефонын қолды еткен қылмыскерлердің барлығы тұтқындалып, олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 179 - бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді Талғат Жұманов.