Такси жүргізушілері салықты қалай төлейді

такси
Фото: Янедкс Такси/Facebook

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа Салық кодексі жобасының кейбір ережелерін жария етті.

«Қазіргі уақытта жаңа Салық кодексін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Ол 2025 жылдан қолданысқа енгізіледі. Кодекс аясында арнаулы салық режимдерін реформалау және өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық режимін құру бойынша мәселелер де қарастырылып жатыр», - деп атап өтеді мемлекеттік орган агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.

Комитет 2023 жылдың қыркүйегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін реттеу тетіктерін әзірлеу бағытында берген тапсырмаларын орындауға кірісті. Оның ішінде интернет-платформалар арқылы жүзеге асырылатын жұмыс түрлері бар. Интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін тұлғаларға салықтық әкімшілеудің өзге де түрлерін қолдану бойынша пилоттық жоба жүргізіліп жатыр.

«Платформалық жұмыспен қамту жөніндегі пилоттық жоба интернет-платформа арқылы такси қызметін көрсететін, курьерлік жеткілімді орындайтын курьерді (такси жүргізушісін) жеңілдетілген тәртіппен тіркеуді әрі салықтық міндеттемелерін орындауын көздейді. Такси жүргізушілері үшін пилоттық басымдықтары: такси парктерінің делдалдық қызметі жойылады, бұл ақша қаражатын үнемдеуге және оны салық және әлеуметтік төлемдерге төлеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтеді ведомстводан.

Соған орай жүргізуші әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесіне тартылады, жеке кәсіпкер ретінде оңай тіркеледі (салық органына бармай-ақ тіркелу), тапқан табысынан 1 пайыз мөлшерінде салық төлейді, есеп-қисап беру, салық және әлеуметтік төлемдер аудару міндеттемесі болмайды.

Бұл ретте әлеуметтік төлемдер такси жүргізушісінің тапқан табыс сомасына байланысты айқындалады. Сонымен қатар пилоттық жобаға Glovo, Wolt, InDrive сынды компанияларды да тарту жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар