Талантты оқушылардың «ІІ Наурыз кездесулері» өтті

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Назарбаев» Зияткерлік мектебінде пән олимпиадалары мен ғылыми байқаулар жеңімпаздарының, талантты оқушылардың қатысуымен «ІІ Наурыз кездесулері» өтті. 

Талантты оқушылардың «ІІ Наурыз кездесулері» өтті

Еске салсақ, аталмыш шараның мақсаты - оқушылардың биология мен химия пәндерінен білімдерін тереңдету және кеңейту, олардың зерттеушілік дағдыларын дамыту, ғылымға тарту.

Екі күнге ұласатын бағдарлама барысында қазақстандық және шетелдік ғалымдар  9-10 сынып оқушыларына ғылыми-танымдық дәрістер оқып, олардың зерттеушілік дағдыларын жетілдіру мақсатында химия, биология пәндері мұғалімдеріне шеберлік сабақтарын өткізеді. Сонымен қатар, «ІІ Наурыз кездесулері» бағдарламасы бойынша мектеп оқушылары Ұлттық ғылыми ана мен бала орталығында, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында, Биотехнология ұлттық орталығында, «ҚазМұнайӨнімдері» АҚ-ның сынақ зертханасында, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығында, Дәрі- дәрмек құралдары мен медициналық тағайындауларды, техникаларды сараптама жасау ұлттық орталығында, «Қазақстандық метрология институты» РММ-да болып, зертханалық жұмыстар жүргізетін болады. Балалар  тәжірибелер өткізіп, жүргізілген тәжірибелердің барысын бақылай алады, сонымен қатар аталған ғылым саласын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алады.

Тоқтала кететін жайт, Наурыз кездесулерін өткізу дәстүрі 2011 жылдың наурызында «Назарбаев» Зияткерлік мектебінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткен іс-шарадан басталған болатын.