Талап күшейді – «Қазақстан аруы» байқауының директорымен сұхбат
7 желтоқсанда Алматыда «Қазақстан аруы» байқауы өтеді. Онда еліміздің барлық өңірінен іріктеліп шыққан хас сұлулар 5 млн теңге жүлде мен «Әлем аруы» байқауына жолдама үшін бақ сынайды. Осы орайда «Қазақстан аруы» ұлттық конкурсының директоры Юлия Безверхова Kazinform агенттігіне сұхбат беріп, сұлулық сайыстарын өткізудің өзектілігі мен әділдігі, «Әлем аруы» байқауына дайындық туралы айтып берді.
− Юлия ханым, ұлттық байқаудың тарихы туралы айтып берсеңіз. Қазіргі уақытта әлемде бодипозитив, феминизм, тең құқықтар үрдісін ескерсек, қыздарды сұлулығына қарап бағалау қаншалықты орынды?
− Алғаш рет «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауын 1997 жылы біздің ұйым өткізген еді. Жылдан-жылға байқаудың танымалдығы арта түсті және қазір бұл байқау еліміздің басты мәдени шарасы болып отыр. Егер бұрын басты мақсат – әдемі қызды табу ғана болса, қазір сұраныс өзгеріп, талап күшейе бастады. Яғни «Қазақстан аруы» міндетті түрде білімді болуы тиіс: бірнеше тіл білуі қажет, әлемді жақсарту туралы бастамалар көтеріп, сүйікті ісімен айналысуы керек.
Үміткерлерге қойылатын талаптар – бойы 165 сантиметрден кем болмау, жасы 18-ден 26 жас аралығында, бұрын тұрмысқа шықпаған, бала босанбаған және Қазақстан азаматы болуы. Оған қоса, сыртқы келбеті, дене бітімі, интеллект, білім, талант пен шеберлігіне және жеке қасиеттеріне мән беріледі. Біз олардың әлеуметтік және қайырымдылық аспектілеріне көбірек назар аударамыз. Сондықтан сұлулық байқаулары әлі де өзекті болып қала береді деп ойлаймын. Онда тек сұлулық емес, ақыл-парасат, талант сияқты қасиеттер маңызды.
− Қатысушыларды қалай жинайсыздар? Көшедегі бейтаныс қыздарды байқауға шақыратын сәттер бола ма?
− Иә, мұндай жағдай да болып тұрады. Бізде өте ауқымды кастинг бөлімі мен көптеген менеджерлер жұмыс істейді. Егер олар аталған талаптарға сай келетін қызды кезіктірсе, ол қыз біздің байқау туралы естімеген болса, бірден шақырады. Іріктеу біздің ресми сайттағы өтінімдер бойынша ғана жүрмейді, кейде өзіміз білім жәрмеңкелеріне барып, ақылына көркі сай қыздарды шақырамыз.
Шамамен үміткерлердің 70% жуығы ресми сайтымыздағы өтінімдер арқылы жиналады, қалған 30% − өзіміз шақырған үміткерлер. Алғашқы кезеңде 100-200 қызды таңдап аламыз және іріктеу кезеңдеріне қарай қатысушылар саны азая береді.

− Әлемдік байқауға дайындық қалай өтеді?
− «Әлем аруы» байқауына дайындық алты айдан бір жылға дейін созылады. Қыздар тіл үйреніп қана қоймай, елімізді әлемдік аренада мақтанышпен көрсетуді үйренуі керек. Оған қоса, әлемдік байқаулардың талабы бойынша қыздар 50 сағат қайырымдылықпен айналысуы қажет. Сондай-ақ Қазақстан туралы, дәстүрлеріміз, еліміздің мәдениеті мен жетістіктері жөнінде де айтуымыз керек.
Конкурстан кейін жеңімпаздарға тығыз кесте белгіленеді: олар спорттық, жалпы қалалық іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына және көптеген әлеуметтік жобаларға қатысады.
Жалпы әлемдік конкурстарға қатысу құны өткізу орны, тұру шарттары, ұйымдастырушылардың талаптары секілді түрлі факторларға қарай айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Әдетте тіркеу, виза, билеттер, тұру, тамақтану, киім, аксессуарлар шығындарын жабуы керек. Қыздарға әкімдіктер, Мәдениет министрлігі немесе басқа ұйымдар демеушілік жасайды.
− Аймақтық сұлулық байқауларында жемқорлық бар, жеңімпаздар тамыр-таныс арқылы анықталады деген алуан пікір айтылады. Бұл жөнінде не айтасыз, байқау әділ өте ме?
− Біздің ұлттық байқауға қатысушылардың 51 пайызы аймақтық жеңімпаздардан құралады. Біз өңірлік байқаулардың директорларымен жұмыс істейміз, бәрін егжей-тегжейлі талқылаймыз, мұндай қауесеттер қайдан шығатынын түсінбеймін. Бізде бәрі әділ және ашық өтеді.
− «Әлем аруында» қазақ қыздары жеңіп көрген жоқ. Жеңімпаз елдер статистикасын қарасақ Латын Америкасы мен Үндістан көш бастап тұр. Яғни әлемде сұлулықтың қандай да бір стандарты немесе стереотипі бар ма?
− Байқауда жеңу немесе жеңілу нәсілге байланысты емес. Мұның бәрі қыздың дайындығына байланысты, оның сұлулығы ғана емес, ақыл-парасаты да маңызды. Егер байқау туралы оқыған болсаңыз, 20 жыл бұрын 2003 жылы қазақстандық ару әлем аруларының үздік бестігіне енген еді.
Қазір біздің Томирис Кәкімова 28 желтоқсанда Нью-Делиде өтетін "Әлем аруы" байқауына дайындалып жатыр. Бас жүлде алмаса да, үздік бестікке енеді деген болжамымыз бар. Өйткені ол өте талантты, әдемі, мейірімді, өз Отанын шексіз жақсы көретін қыз. Қазіргі уақытта Томирис Ақтауға, Талдықорғанға барып, еліміздің көрікті орындарында ұлттық нақышта бейнебаян түсірді. Қазақстан халқы да «Әлем аруы» байқауында өз кезегінде жанкүйер болып, үлкен қолдау көрсетеді деп үміттенеміз.

− Сырттай қараған адамға бәрі оңай болып көрінеді, неге жеңіске жетпеді деп сөгуі де мүмкін. Шын мәнінде сұлулық байқауы қажырлы еңбекті талап етеді ғой?
− Ия, сізбен толықтай келісемін, бұл өте қиын жұмыс. Томирис қазір күн сайын таңғы 5-те тұрады, үнемі сапарда, іс-шараларда жүреді, қайырымдылық жұмыстарына қатысады. Демалысы мүлдем жоқ. Дәл қазір оның «Әлем аруындағы» костюмдік образдары туралы ештеңе айта алмаймын, байқаудан кейін нақты бір нәтижеге жеткен соң, бәрін айтып береміз.
«Әлем аруы», «Ғалам аруы» және «Жер аруы» байқауларының ережелері бір-бірінен ерекшеленеді. «Әлем аруы» байқауының ұраны – әрбір қыз өз елінің патшайымындай болуы керек. Оның көмекшісі болып ешкім ұшып келмеуі керек, бәрін өзі жасай алуы керек – кесте тігіп, тамақ пісіріп, ән айтып, би билеп, сонымен бірге сымбатты және әдемі болуы қажет.
− Байқау жеңімпаздарының тағдыры қалай өрбиді, «Қазақстан аруы» оларға әлеуметтік лифт бола алды ма?
− Иә, әрине, біздің жеңімпаздар арасынан танымал журналистер, жүргізушілер, қоғамдық белсенді тұлғалар шықты. Кей қыздар қайырымдылықпен айналысып, көптеген әлеуметтік осал топтағы жандарға жәрдем берді. Мысалы, 2013 жылы «Қазақстан аруы» атанған Айдай Исаева қазір осы байқаудың президенті болды. Ол үш баланың анасы, табысты ханым, ол елдегі барлық сұлулық байқауларының финалын қадағалайды, «Қазақстан аруын» әлемдік байқауға дайындайды, қазір де Томирис Кәкімова екеуі тығыз байланыста.
− Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Айта кетейік, 12 қазан күні елордада «Астана аруы-2023» сұлулық байқауы өтеді. Kazinform тілшісі байқау үміткерлерімен сұхбаттасып, сұлулық ұғымын қалай түсінетінін және сайысқа дайындық қалай өтіп жатқанын сұраған еді.