Талас ауданында жылу бағасы 5,7 пайызға арзандады
Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Дүйсенбаев пен осы департаменттің бірқатар бөлім басшылары Қаратау қаласында болып, қала бойынша жылу энергиясы, ыстық және суық сумен, сондай-ақ кәріз жүйесімен қамтамасыз етіп отырған «Игілік» көпсалалы кәсіпорнында болды.
Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуге, табиғи монополиялар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің тұтынушылар қаражатын пайдалануын бақылау мен оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар кешенін қабылдау бойынша 5 тармақты және осы жылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінде Елбасы берген тапсырмаларды іске асыру мақсатында арнайы келген департамент өкілдерін «Игілік» кәсіпорнының директоры Рашид Мәдібекұлы Сейдалиев қарсы алып, мекеме жұмысымен таныстырды.
«1976 жылдан бері жұмыс істеп жатқан 2 бу және 2 су ысыту қазандығы тұтынушылар сұранысын қамтамасыз етіп келеді. Қаратау қаласы бойынша 138 көпқабатты және 23 жеке тұрғын үйге коммуналдық қызмет көрсетеді. Қаланы ауыз сумен «Тамды» және «Көктал» тоғандары қамтамасыз етіп отыр», - дейді Рашид Мәдібекұлы.
Оның айтуынша, «Тамды» су тоғанының өнімділігі - секундына 216 литр, ал «Көкталдың» өнімділігі - секундына 190 литр.
«Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың хаттамалық тапсырмасының 7- тармағының 3-тармақшасын орындау мақсатында кәсіпорынның жылу энергиясы тарифтеріне отын шығынын кезең-кезеңімен енгізу, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және тарифтердің шекті деңгейін, сондай-ақ тарифтік сметаларды төтенше реттеуші шара ретінде қарау үшін облыстық Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне ұсыну жұмыстарын бастауды тапсырған. Осыны басшылыққа ала отырып, аталмыш департаментке тарифтік сметаларды төтенше реттеуші шара ретінде отын шығынын кезең-кезеңімен 30 пайыздық шығын етіп енгізілу ұсынылды. Осы департаменттің бұйрығымен тарифтердің шекті деңгейі бекітілді. Біз қазіргі таңда тарифті 5,7 пайызға төмендеттік. Тағы бір айта кететін жайт, 2018 жылдың 1-тоқсанына бюджет қаражаты есебінен отын шығынына 65 млн теңге субсидия бөлініп, ол толықтай игерілді», - деді ол.
Бұдан әрі облыстық департамент өкілдері су және жылу беру және қазандық жұмыстарын көріп, Рашид Сейдалиев жұмыс барысымен толықтай таныстырып отырды.