Талдау: Қазақстанның полимер өндірісі ұлттық экономикаға ықпал етуде
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандағы полимер өндірісінің дамуы ел экономикасына және аймақтағы нарықтарға оң әсерін тигізуде. Жергілікті өндірістік қуаттарды арттыру стратегиясы тиімділігін көрсетіп, ішкі нарықтағы полимер өнімдерінің бағасына елеулі өзгерістер әкелді. Бұл, әсіресе, Market Report және ICIS деректері бойынша ТМД елдеріндегі полимер бағасының мониторингі барысында анық байқалады.
2022 жылы ҚазМұнайГаз бен СИБУР компанияларының серіктестігі негізінде іске қосылған KPI зауыты Қазақстандағы гомополимер полипропиленінің бағасына айтарлықтай оң әсер етті. 2022-2024 жылдар аралығында полимер шикізатының бағасы 30%-дан астамға төмендеп, импорт көлемі айтарлықтай қысқарды. Бұл ішкі нарықта өндірісті дамытып, импорт алмастыруда елеулі жетістіктерге қол жеткізілгенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан аймақтағы ең бәсекеге қабілетті бағаларды ұсынуда. Бұл жергілікті өндірістің дамуы және СИБУР-мен серіктестіктің арқасында қол жеткізілді. Заманауи технологияларды пайдалану мен озық басқару тәжірибелері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік берді.
Бәсекеге қабілетті баға саясаты мен сапалы шикізаттың қолжетімділігі ел экономикасына оң ықпалын тигізуде. Полимерді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар өздерінің өндірістік шығындарын азайтып, одан әрі дамуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қолайлы нарықтық жағдайлар қайта өңдеу саласына жаңа инвестициялар тартуға және қосымша өндірістік қуаттар мен жұмыс орындарының құрылуына жол ашуда.
Алдағы уақытта жаңа серіктестік жобалар мен халықаралық ынтымақтастық Қазақстанның полимер саласын одан әрі дамытуға серпін береді. Бұл жобалар елдің экономикасына ұзақ мерзімді оң әсерін тигізіп, өңдеу өнеркәсібіндегі көшбасшылық позициясын нығайта түседі.