«Талдауы жоқ, түйткілі көп баяндама» - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 14 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Елбасының сапары мен екіжақты кездесулерін шетелдік БАҚ өкілдері барынша ықыласты насихаттады. Ал биыл бірқатар айтулы шараларды атқарған қырғыз елінде қабылданған Бішкек декларациясы қандай мәселеде болсын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәмілесі бір екендігін іс жүзінде паш етті. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөміріндегі «Өңірлік қауіпсіздік өзегі» деген тақырыптағы мақалада баян етілген. «Саммиттің регламенті бойынша төрағалық етуші елдің басшысы А.Атамбаев алғашқы сөзді Қазақстан Республикасының Президентіне берді. Ал Кеңестің шағын құрамда өткен отырысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев Ұйым бойынша әріптестерге ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясын әзірлеу идеясын қолдағандары үшін ризашылық білдірді. Ол аталған құжаттың негізін ШЫҰ форумы мен тараптардың жетекші сарапшыларын тарта отырып дайындау қажеттігін, Ұйым қызметінің негізгі бағыттарының теңдестірілген қағидаттары орын алуы тиіс екенін атап өтті. Қазақстан Президенті ШЫҰ Бас хатшысының рөлін және Ұйым Хатшылығы қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігін көлденең тартты», - деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуына қарағанда, әлемнің 17 мың университеттерінің арасынан үздік университеттерді анықтайтын QS World University Rankings агенттігінің 2013/2014 жылғы рейтингінде қазақстандық жоғары оқу орындарының көшбасшысы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 66 сатыға көтеріліп 303-орынды иеленді. Бұл жоғары оқу орны байқауға 2009 жылдан бастап қатысып келеді. Содан бері университет екі жыл қатарынан әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының арасынан көрінуде. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз қазақстандық агенттігінің (IQAA-НКАОКО) ұлттық рейтингіне сәйкес 1-орынды екі жыл қатарынан иеленді. Ғылыми-зерттеу институттарын, ғылыми орталықтар мен зертханаларды, біліктілікті жетілдіру институттары мен түрлі мемлекеттердің мәдени білім беру орталықтарын қамтыған оқу орны Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымы бойынша алған болатын.
***
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында мал азығын өндіру мәселесі бойынша баяндама жасаған вице-министр Гүлмира Исаева министр Асылбек Мамытбековтен сөз естіді», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санында жарық көрген «Талдауы жоқ, түйткілі көп баяндама» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, А.Мамытбеков орынбасарының баяндамасында азықтық дақылдар мәселесіне терең талдау жасалмағанына қынжылып: «Баяндама фактілерді атап өту мен статистикаларды тізіп шығуға бағытталған. Проблеманы терең талдау жоқ. Ең бастысы, не істеу керек, проблеманы қалай шешу қажет, не қолдану керек деген жайттар көтерілмеген»,- депті.
Осы басылымның жазуынша, дәсүрлі дінді жамағатқа насихаттаудың жаңа түрі еліміз бойынша Атыраудан бастау алатын болды. Жергілікті жердегі жамағаттар аймақтағы барлық мешіттер жанында орналасқан арнайы телеэкран арқылы республика мен облысқа танымал діни сауатты теологтардың уағыздарын тыңдауға мүмкіндік алады. «Соңғы жылдары Атыраудағы жастардың өзге діннің жетегінде кетіп, қауіп төңдіретін оқиғасы жиі орын алды. Өздерін жарылғыш құрылғымен жарып жіберіп, айналасына орасан зор қайғы әкелген оқиғалардан соң, жергілікті әкімдік пен діни басқарма басшылары жастарды өзге діни ағымдардан қорғауды қолға алуда толымды жұмыстар ұйымдастырып келеді. Біздің пайымдауымызша, еліміз бойынша алғашқы рет бастамасы жасалғалы отырған уағыздарды скайп арқылы тарату жобасы өзінің оң нәтижесін береді», - деп жазады басылым. Мақала «Дәстүрлі дінді уағыздайтын бастама» деген тақырыппен берілген.