Талдықорған базарында сауда орнын жалдау құнына байланысты дау туындады

базар
Фото: Мирас Анитов

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорғандағы сауда орындарының бірінде шу шықты. Атап айтқанда, саудагерлер орынды жалға алу құны қымбаттағанына наразы.

Сауда орнында шамамен 5 мыңға жуық кәсіпкер бар. Олар бұған дейін ай сайын 44 600 теңге төлеп келіпті. Енді бұл ақы он пайызға өскен.

«Ұнамай ма, онда орынды босат. Басқа адам табылады», — дейді. Біз бала-шағамызды осы базармен асырап отырмыз. Қазір сауда да жоқ. Бір зат, екі зат сатсақ, тәуба дейміз. Неге орынды қымбаттатады? Бізге мүлдем жағдай жасалмаған. Тіпті, дәретхана ақылы. Көктем мен күзде жаңбыр жауса, төбеден су ағып, мұз қатады. Оны тазалап жатқан ешкім жоқ. Жүру тіпті мүмкін емес. Сонда не үшін бағаны көтереді?» — дейді Динара Ысқақова.

Ал базар басшысы болса, «тарифтің көтерілуіне белгілі бір себептер бар» дегенді алға тартады.

«4 жыл аренда көтерілген жоқ болатын. Инфляция бар, коммуналдық төлемдер көтеріліп жатыр, білесіздер. Сол себепті, осындай шешім қабылдап отырмыз», — дейді Серік Құлжабеков.

базар
Фото: Мирас Анитов

Жергілікті билік өкілдері саудагерлердің базынасынан хабардар. Базарға келіп, наразы топпен кездесті. 

«Сіздердің араларыңызда өзара келісімшарт бар. Сол келісімшарт негізінде сотқа барып шешсеңіздер болады», — деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мирас Ахметсапа.

Айта кетейік, саудагерлер арасындағы наразылық наурыз айының басында туындаған еді. Олар о бастағы талаптарынан қайтар емес. Егер іс мұнымен бітпесе, «сотқа арызданамыз» деп отыр.

Соңғы жаңалықтар