Талдықорған маңындағы тарихи петроглифтер неге талқандалды

Әлеуметтік желіде Талдықорған қаласы маңындағы тарихи петроглифтер жиынтығының қиратылып жатқаны жайында жазба жарияланып, қоғам наразылығын туғызды, деп хабарлайды Kazinform.

талдықорған
Фото: Сергей Алексеенок

Талдықорғандық экобелсенді Дина Серікованың мәлімдеуінше, жеке компания сақ заманынан бері сақталып келген тастағы суреттерді үгітіп құрылысқа қажетті материал ретінде пайдаланып отырған көрінеді. Осы оқиғадан хабардар болған ғылыми волонтерлер қозғалысы тарихи мұралар тізіміне енуі тиіс аумақтың неліктен жеке компанияның пайдалануына берілгенін анықтауды сұрап, тиісті орындарға хат жолдаған.

Әзірге петроглифтер орналасқан таудағы карьердің қожайыны «Темірбетон» серіктестігі екені белгілі болды. Серіктестіктің аумақта қазба жұмысын жүргізіп, құрылысқа қажетті қиыршық тас дайындауға рұқсаты бар болып шықты. Яғни, серіктестік тарихи маңызы бар тастардың маңына карьер салмас бұрын «Казархеология» ұйымының ұйғарымын алған. Аталған ұйым еліміздегі тарихи нысандарды есепке алып, петроглифтердің құндылығын анықтаумен айналысады. 

Қазір бұл іс бойынша құзырлы органдар тексеруді бастаған. Алдын ала мәлім болған дерек бойынша, «Темірбетон» компаниясына құрылыс жұмысын жүргізу үшін берілген аумақтың құжаттарынан заңсыздық анықталған. 

— Бұл мәселемен таныспын. Аумақты барып көрдім. Прокуратура жұмыстың заңдылығын тексеріп жатыр. Карьер ашқан компания қаладағы ірі жұмыс орыны саналады. 700 адамды жұмыспен қамтып отыр. Дәл қазір оның жұмысын тоқтату — осынша адамды жұмыссыз қалдырумен бірдей. Мен бұған қатысты жеке шешім қабылдай алмаймын. Мәселе өте күрделі болғандықтан, құзырлы органдардың қортындысын күтеміз, — деді мәселеге орай мәлімдеме жасаған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл.