Талдықорған тұрғыны он айда 70 кітап оқыған

Кітап оқуды насихаттау,қоғамда кітапқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында Жетісуда игі бастамалар жүзеге асырылып жатыр. С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхана оқырмандардың оқыған кітаптарының санына қарай жыл сайын үздік оқырмандарын анықтап отырады. Биыл талдықорғандық Болат Нұржанов жыл басынан бері 70 кітап кітап оқып, облыстық кітапхананың «Ең үздік оқырман» аталымында жеңімпаз деп танылды, деп хабарлайды Kazinform.

Қытайда «Қазақ халқының мың күйі» атты кітаптың тұсаукесері өтті – шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: pixabay.com

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханада кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында тұрақты жұмыстар қолға алынған.

Соның ішінде «Оқитын ұлт» республикалық жобасына жетісулықтар белсене қатысып жатыр. Осы жобаның бірнеше бағыты аясында Ұлттық Академиялық кітапхананың бастамасымен биыл өңірлік кітапхана ұжымы көптеген ақын-жазушыларды оқырмандарына кеңінен насихаттап, кітаптарын ұсынды.

«Облыстық кітапхана жыл сайын үздік оқырмандарын анықтап отырады.Қазірдің өзінде мәдениет мекемесі бірнеше номинация бойынша белсенді азаматтардың есімдерін анықтап, қорытындысын шығарып қойды. Жеңімпаздарды желтоқсан айында арнайы марапаттау жоспарланған», - деді Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана директоры.

Айтуынша, Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының «Ең үздік оқырман» аталымында жыл басынан бері 70 кітап оқыған талдықорғандық Болат Нұрғожанов үздік шықса, Өтенай ауылында тұратын 75 жастағы зейнеткер Болатбек Тойбеков 62 кітап оқып, «Ардагер оқырман» ретінде танылды. Ал 51 кітапты оқып тауысқан талдықорғандық жеке кәсіпкер Жаңыл Нұртаева «Белсенді оқырман» номинациясына лайық деп танылды.

«Бала жасымнан кітап оқуға құмар болдым.С.Сейфуллин атындағы кітапханаға жиі барамын. Айына 5 кітапқа дейін оқып тастаймын. Өзім жастайымнан әскери салада қызмет істегеннен кейін бе, Бауыржан Момышұлы, Тахауи Ахтанов, Әди Шәріпов, Кемел Тоқаевтардың шығармалары жаныма жақын. Кітапты неғұрлым таңда ерте тұрып оқуға тырысамын, себебі таңға жақын оқыған кітап әлдеқайда сіңімді, әрі миды қозғалысқа келтіруге көп көмектеседі», - дейді Талдықорған тұрғыны Болатбек Тойбеков.

Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі кітапханалар жүйесіне 147 мекеме кіреді. Облыс бойынша 2,8 миллионға жуық кітап қоры бар. Өткен 9 айда кітапханалар қызметіне 1,6 млн адам жүгінген. Кітап берілімі 3,3 миллионға жетті.

Кітапхана жеті бөлімнен тұрады. Атап айтар болсақ, кітапхананың дамуы мен қоғаммен байланыс бөлімі, ақпараттық- библиографиялық қамтамасыздандыру, каталогтарды ұйымдастыру, негізгі қорларды сақтау, зағип және нашар көретін азаматтарға қызмет көрсету бөлімі және оқырмандарға қызмет көрсету, техникалық қызмет көрсету және бағдарламалық қамтамасыз ету бөлімдері бар.