Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Талдықорғанда әлеуметтік осал топтағы 51 отбасы баспаналы болды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорғанда кезекте тұрған 51 отбасы жаңа баспананың кілтіне ие болды. Жаңа қоныс иелерін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

П
Фото: Дмитрий Ерофеев

Өңір басшысы азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету халықтың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Талдықорған қаласының өзінде 49 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға артқан. Жыл соңына дейін кезең-кезеңімен Талдықорғанның 1400-ден астам отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – деді Бейбіт Исабаев.

В
Фото: Дмитрий Ерофеев

Жаңа баспана кезекте тұрған азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілді. Олардың арасында көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар бар.

Жаңа қоныс иелерінің бірі Динара Отарбаева тұрғын үй кезегінде 9 жылға жуық тұрғанын айтты.

– Бүгін отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Жаңа қонысқа ие болып жатырмыз. «Жастар-3» шағын ауданындағы жаңа үйіміздің кілтін қолымызға алдық. Тұрғын үй кезегінде 9 жылға жуық тұрдым. Алты бала тәрбиелеп отырмын, оның бесеуі мектеп оқушылары, – деді ол.

в
Фото: Дмитрий Ерофеев

Ал Дана Жаманаева 2017 жылдан бері баспана кезегінде тұрған.

– Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ең алдымен балаларымды ертіп апарып, өздерінің жеке үйлерін көрсетемін. Енді олардың өз бөлмелері болады, кең әрі жайлы жерде тұратын болдық. Осы уақытқа дейін талай жыл пәтер жалдап тұрдық. Енді, міне, өз баспанамыз бар. Көрсетілген қолдау үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деді ол.

«Құлагер» шағын ауданынан пәтер алған Торғын Тойшыбекова тұрғын үй кезегінде 10 жыл тұрғанын жеткізді.

п
Фото: Дмитрий Ерофеев

– Осы уақыт ішінде бір жалдамалы пәтерден екіншісіне көшіп, талай қиындықты бастан өткердік. Балалармен бірге көшіп-қону, әрине, қиын болды. Енді мұның бәрі артта қалды. Жас отбасымыздың жаңа шағын ауданда өз баспанасы бар деп қуанып жатырмыз, – деді ол.