Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Талдықорғанда асфальттың сапасына қатысты видео тарады: әкімдік жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Талдықорғанда түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Кадрдан жаңадан төселген асфальттың күрекпен оңай алынып жатқанын көруге болады. Бұл жағдай желі қолданушыларының наразылығын тудырып, жол жұмыстарының сапасына қатысты күмән туғызды.

Талдықорғанда асфальттың сапасына қатысты видео тарады: әкімдік жауап берді
Видеодан алынған кадр

Талдықорған әкімдігінің мәліметінше, видеода көрсетілген жол бөлігі сол кезде тапсырыс беруші тарапынан әлі қабылданбаған. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Ниетбаев видео анықталған кемшіліктерді түзету жұмыстары кезінде түсірілгенін айтты.

Оның сөзінше, мердігер компания талапқа сай емес асфальтты өз қаражатына алып тастап, жолды қайта төсейді. Жұмыстың орындалуын қалалық бөлім бақылап отыр.

— Бұл жол жабыны қабылданған жоқ. Мердігер бұл учаскедегі асфальтты өз қаражатына алып тастап, жұмысты қайта жүргізеді, — деді Ерлан Ниетбаев.

Осылайша, әлеуметтік желіде тараған видеодағы жол бөлігі әлі пайдалануға қабылданбаған. Қазір ондағы кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында талапқа сәйкес келмеген материалдар қолданылған жол учаскелеріндегі асфальт жабыны мердігерлердің өз қаражаты есебінен қайта төселгені хабарланды.