Талдықорғанда әскери бөлімге Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Сергей Луганскийдің есімі берілді
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM — Алдымен батырдың бюсті ашылып, алдына гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров және қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов қатысты.
Жиналғандарды құттықтаған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Талдықорғандағы осы авиабазаға Сергей Луганскийдің есімін беру жөнінде ел Президенті биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында бастама көтергенін, сондай-ақ бұл ұсынысқа Қарулы Күштердің жеке құрамы қолдау білдіргенін атап өтті. Әскери қызметшілердің күрделі де жауапты қызметтеріне табыс тіледі.

Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров журналистерге берген сұхбатында Су-30 ұшағымен осы Талдықорған авиабазасынан ұшқан кездерін еске алып, тұрғындарды Жеңіс күнімен құттықтады.
«Бүгін айтулы оқиға — Талдықорған авиабазасына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Данилович Луганскийдің есімі берілді. Ол — аты аңызға айналған адам. Бала кезімде мен оны өзіме ұстаз тұттым, соның үлгісімен тәрбиелендім. Авиабазаға даңқты батырдың есімін берудің патриоттық, тәрбиелік маңызды зор. Сонымен қатар бұл болашақта осында қызмет ететін жас ұшқыштарға да, қазір ұшатындарға да екі есе жауапкершілік жүктейді. Өңір тұрғындарын Жеңіс күні мерекесімен тағы да құттықтаймын», — деді, Тоқтар Оңғарбайұлы.

Шара соңында көпшілікке мерекелік концерт ұсынылды.