Талдықорғанда әйеліне күш көрсеткен қарулы адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған тұрғыны күйеуімен болған жанжалдан кейін бір жасар баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылды. Ер адам ұсталып, одан пневматикалық қару тәркіленді.
Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 2 қазанда Талдықорған тұрғыны полицияға жүгінген. Ол күйеуінің денесіне жарақат салғанын және өзіне қауіп төндіргенін айтқан. Полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына барып, ер адамды ұстады. Одан пневматикалық қару тәркіленді.
– Дене жарақатын салу және қорқыту фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады полиция.
Дәрігерлер тексергеннен кейін әйел бір жасар баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылды. Онда оларға қажетті көмек көрсетілді. Құқық қорғау органының мәліметінше, бұған дейін бұл әйелден полицияға ешқандай арыз түспеген.
Оқиғаның егжей-тегжейі әлеуметтік желіде видео жарияланғаннан кейін белгілі болды. Кадрлар, болжам бойынша, жеке үйдің ауласында түсірілген. Видеода жартылай жалаңаш ер адамның әйелді қуып жүргені көрінеді.
Әйелдің жақын құрбысының айтуынша, бұл жанжал 2 қазанға қараған түні болған. Оның сөзінше, жанжал тұрмыстық жағдайдан – бір жасар баланың ер адамға ұйықтауға мүмкіндік бермеуінен басталған. Алайда оның айтуынша, жанжал тез арада күш көрсетуге ұласқан.
Әйелдің айтуынша, күйеуі оны таңғы сағат 4-ке дейін ұрған. Оның айқайын көршілері естіп, әйелге көмектесуге тырысқанда, ер адам, оларға суық қару кезенген.
Әйелдің айтуынша, таңертең жанжал қайта жалғасып, күйеуі оған тағы да күш көрсетіп, дене жарақатын салған. Осыдан кейін ол полицияға жүгінген.
Қазіргі уақытта ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторында отыр. Оқиғаның мән-жайы қылмыстық тергеу аясында анықталып жатыр.
Осыған дейін Астанада әйелді бұрынғы күйеуі пышақтап өлтіргені туралы жаздық.