Талдықорғанда «Айгөлек» балабақшасында болған жағдайға қатысты тексеру басталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Ата-аналардың бірінен шағым түсуіне байланысты Талдықорған қаласындағы балабақшада тексеру басталды. Бұл туралы Жетісу облыстық білім басқармасы хабарлады.

Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбада балабақша қызметкерінің бүлдіршінді жетектеп бөлмеге кіргені, кейін баланың үстел астына тығылғаны байқалады.
Басқарма мәліметінше, құзырлы орган «Айгөлек» балабақшасында тергеу жұмыстарын бастаған. Мекемедегі бейнежазбалар түгел қаралып, ата-аналармен, балабақша қызметкерлерінен жауап алынатыны хабарланды.
— Қазіргі таңда бала ата-анасымен бірге үйде. Бар деректерге сәйкес, оның жағдайы тұрақты, денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Біз бұл жағдайды қадағалауды жалғастырамыз және отбасыға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Балалардың қауіпсіздігі — біздің басты басымдығымыз. Осыған байланысты, Білім басқармасы мектепке дейінгі ұйымдарда этикалық нормалардың сақталуын бақылауды күшейтеді. Біз бұл мәселенің әділ әрі объективті түрде қаралатынына сенімдіміз, - деді Жетісу облыстық білім басқармасы.
Еске салайық осыған дейін Талдықорғандағы бейімдеу орталығында 7 жасар баланың денесінен үтіктің ізі анықталғанын жазғанбыз.