Талдықорғанда азаматтарды қабылдауға арналған орталық ашылды

Талдықорған қаласында азаматтардың арыз-шағымы мен өтініштерін қабылдап, тиісті мемлекеттік органдармен байланыстыратын орталық жұмысын бастады, деп хабарлайды Kazinform.

орталық
Фото: Руслан Кадыров

Онда мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жазылуға, кез келген ведомствоға өтініш беруге, сондай-ақ кеңес алуға болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында іске асырылған жоба «Халықпен жұмыс жөніндегі орталық мемлекеттік органдардың бірыңғай фронт-желісі» болмақ. 

«Орталық электрондық-цифрлық қолтаңбалар мен түрлі анықтамалар бере отырып, өтініштерді қабылдаудың бірыңғай терезесі ретінде «e-Өтініш» жүйесінде өтініштерді консультациялауға, жеке қабылдаулар, қабылдаулар мен тіркеулер жүргізуге маманданатын болады. Мұнда күн сайын 9 ведомство өкілдері азаматтарды қабылдайды деп жоспарланған», - деді орталық басшысы Айдана Сайлаубекқызы.

Оның айтуынша, осы мақсатта облыстық денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары, сондай-ақ Талдықорған қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдері сияқты мемлекеттік органдардан іссапарға жіберілген 20-ға жуық қызметкер тартылған.