Талдықорғанда қайтыс болған 2 дәрігердің өліміне метапневмовирустың қатысы жоқ
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Әлеуметтік желіде Жетісу облысында 2 дәрігер белгісіз вирустан көз жұмды деген хабарлама тараған болатын. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме жасады.
Инстаграм әлеуметтік желісінде Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында бөлім басшысы болып қызмет атқаратын 37 жастағы келіншек пен травмотолог дәрігердің қайтыс болуына белгісіз вирус себеп болуы мүмкін деген хабарлама тараған. Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мұның шындыққа жанаспайтынын айтты.
- Әлеуметтік желіде Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында метапневмовирустан 2 адам қайтыс болды деген ақпар шындыққа жанаспайды. Өйткені біздің Жетісу облысында бүгінгі таңда метапневмовирус тіркелген жоқ. 2 дәрігердің біреуі кезінде біздің Қазақстанда жұмыс істегеннен кейін Ресейге көшіп кетті. Ол кісі 5 жылдай онкологиялық ауруымен тіркеуде болды, содан қайтыс болды, - деді Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова.
Еске салайық, осыған дейін Жетісу облысында 1 адамнан метапневмовирус анықталғанын жазғанбыз.