Талдықорғанда қоғамдық мүлікті бүлдірген үш оқушының ата-анасы жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорғанда полицияның жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары қала инфрақұрылымына зиян келтіру дерегін тіркеді, деп хабарлайды Polisia.kz.
13 жастағы үш қыз қоғамдық пайдалануға арналған нысандарға сурет салып, бүлдірген. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтады. Қыздар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын жасқа толмағандықтан, олардың ата-аналары жауапқа тартылды.
Полиция қоғамдық мүлікті бүлдіру жай ғана балалық еркелік емес, заң бұзушылық екенін ескертеді.
— Ата-аналарды балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, мұндай әрекеттердің салдарын түсіндіруге және қоғамдық мүлікке құрметпен қарауға үйретуге шақырамыз, — дейді тәртіп сақшылары.
Айта кетейік, Талдықорғанда 5 жасар қызын қауіпті жағдайда тасымалдаған әке жауапқа тартылды.