Талдықорғанда колледж студентінен ақша бопсалаған бозбалалар ұсталды

буллинг
Фото: Жетісу облыстық ПД.

Жетісу полицейлері профилактикалық іс-шара аясында Талдықорған колледждерінің бірінде болған буллинг фактісін анықтады, деп хабарлайды Kazinform.

Он алты жастағы студенттің мінез-құлқындағы өзгерісті байқаған ұстаздары ол жайында жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторға хабарлаған. Жеткіншекті бақылауға алған ювеналды полиция өкілі сол колледждің жоғарғы курсында оқитын бозбалалар тарапынан әлімжеттік жасалып, қысым көрсетілгенін анықтаған. Ал 1-курс тәлімгері буллинг жасаушы екі ересек студенттің қомақты мөлшерде ақша бопсалағанын жасырып келген.

Қысымға шыдамаған 16 жастағы жеткіншек кейіннен сабаққа келуден қорқатын дәрежеге жеткен көрінеді.

Колледж қабырғасындағы әлімжеттік фактісі бойынша Талдықорған қалалық полициясы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері ақша бопсалаушыларды бұлтартпайтын айғақпен ұстады.

- Буллинг фактісін ювеналды полиция инспекторы анықтады. Жедел уәкілдер жоспар әзірлеп, екі күдіктіні ұстады. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы, 2-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады Жетісу облысының полициясынан.

Соңғы жаңалықтар