Талдықорғанда мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Облыс орталығында жаңадан бой көтерген 9-шы шағын ауданда мәселе шаш-етектен. Жаңа үйлердің қабырғасы көгеріп, батареяларынан су кетіп жатыр.

Бірер жыл бұрын ғана іргесі қаланған жаңа шағын аудан «Құлагер» деп аталады. Алыстан менмұндалаған зәулім үйлер баспанаға мұқтаж қала тұрғындарына ипотекаға берілген. Қоныс тойын тойлаған жұрттың дені қазір қуаныштан емес, күйінгеннен көздеріне жас алып жүр. Өйткені су жаңа үйлердің қабырғасы көгеріп, есік-терезелерінен жел үрлеп тұр. Қыс басталғалы суық үйден мазамыз қашты деген тұрғындар шағымдарына жауаптылардың құлақ аспайтынын жеткізді.

– Міне, бұрыш-бұрыштың бәрі көгеріп тұр. Қараша айында қабырғалар суланып басталғанда ескерткенмін. Біреуі жасаған жоқ, біреуі қараған жоқ. Терезелерден су ағып жатыр. Бөлме өте суық болған соң жауып тастадым. Ашсам, бүкіл жылу осында кетеді. «Ақша бөлсін, жасаймыз, бастыққа айтамыз» дейді де, кетеді. Пластик есіктен жел соғады. Оған мақта, мата тығындап қойып отырмын, – деді 27-ші үйдің тұрғыны Наркес Асхатқызы.
Бұл аудандағы үйлерге жауапты басқарушы компанияның қызметкері Айдана Байдөненова тура мағынасында «сырты бүтін, іші түтін» үйлердің күндіз-түні электр сымдарын күзетумен жүретінін айтты. Себебі осыған дейін 8 электр есептеуіш құрал өртеніп, істен шыққан.

– Электр есептегіш құралдар жанып жатыр. Себебі сымдар дұрыс бекітілмеген әрі тоқтың күшіне сай емес. 3-ші үйде бір «счетчик» жанып, 68-ші пәтер екі күн жарықсыз отырды. Жауаптылар демалыс күндері телефондарын көтермей, келмей қойды. Күндіз бәрі жұмыста. Бір жерден сымдар балқып, өрт бола ма деп қорқамыз. Сондықтан күнде барлық үйдің электр қораптарын ашып, 24/7 осы шағын ауданда шарлап, тексеріп жүреміз, – деді «Аяла» басқарушы компаниясының қызметкері Айдана Байдөненова.
Батареяларымызды ауыстырып берсін деп талап қойған 5-ші үйдің тұрғындары пәтерлерінде жылудың жоқтығынан шетінен ауырып жатырмыз дейді. Айтуларынша, жылу жүйесі талапқа сай жасалмаған.

– Мен 5-ші үйдегі 49-шы пәтерде тұрамын. Біздегі мәселе – жылу. Батареяларымыз жылымайды, үй суық. Қайта-қайта тазалаттық, крандарын ауыстырдық. Енді ол екінші рет тазартуға жарамайды. Су тамшылап тұр. Мұнда көбі әлеуметтік осал топтағылар, көмекке мұқтаж жандар. Үйлеріміз тастай. Балалар ауырып, күнде жедел жәрдем шақырып жатырмыз. Бізге алюминий батареялар қойған, оның үйді жылытуға шамасы келмейді. Ал жылуға 8-9 мың теңгеден төлеп жатырмыз. Бірақ жылу жоқ. Үйдің несиесін төлейміз бе, жоқ, батарея ауыстырамыз ба? Біздің талабымыз – келесі жылға қалдырмай, биметалл қойып берсін. Қағазда қалай көрсетілген болса, солай жасасын. Трубалары еденде шайқалып тұр. Терезелерге мұз қатып жатыр, – деді Гүлстан Қалжанова.

Құлагерліктердің назына қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары жауап берді. Сөзінен ұққанымыз – жаңа үйлерді қабылдап алған басшылар дұрыс қарамаған. Қазір бәрінің орнына жаңа басшылар келген, мердігермен әкімдік бірігіп, мәселені шешуге күш салады.

– Бізге КСК да, тұрғындар да жіберген. «Счетчиктердің» жанып жатқанын көргенбіз. Мердігер ұйым оны шығарушы зауытқа апарып берді. Бірінші соны тексеріп алсын, ол дұрыс болса, тоқтан зақым келіп тұр деген сөз. Оны мердігер өзінің кепілдік мерзімі бойынша бәрін жасап береді. Қазір де жануы мүмкін. Зауыттық ақау деген де бар. Сондай шығар. Жылу мәселесі 5-6-7-ші үйлерде туындап тұр. Жылу батареялары алюминий болып тұр. Негізі жоба бойынша ол темір, шойын болуы керек еді, кейін протокол бойынша ауыстырған. Себебін айта алмаймын, ол кезде басқа басшылар болған. Қазір бәрі жаңа басшылар. Не үшін ауыстырғандарын нақты айта алмаймын. Негізі алюминий батареялар талапқа сай емес. 27-ші үй бойынша бізде 2 пәтердің қабырғалары көгеріп жатыр. Оны біз мердігер ұйымға жібердік. Олар өздері түсінбей жатыр, біз де түсінбей жатырмыз, неге көгеріп жатқанын. Шатырды ашып, бәрін көреді, – деді қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Бекнұр Әлиакбар.

Мердігерге осындай ұсақ-түйек ескертпелер болады деген маман 31 қаңтар күні жауаптылармен бірігіп, аталған мәселелерді толық қарап, тұрғындарға жеткіземіз деп сендірді. Еске салайық, осыған дейін Талдықорғанда тұрғындар үй ауласында жеке ғимарат салуға қарсы шыққанын жазғанбыз.