Талдықорғанда оқушыларды ұлттық тағамдармен қарсы алатын мектеп бар
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорған қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы № 10 орта мектеп-гимназиясы аптаның әр жұмасында ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Ұлттық киім киген ұстаздар оқушыларды таңертең құрт, ірімшік, бауырсақпен қарсы алады.

Жаңаша бастаманы Ш. Уәлиханов атындағы № 10 мектеп-гимназияның қазақ тілі кафедрасы қолға алған. Әр жұмада оқушылар мен мектеп ұжымы ұлттық киім киіп, бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесуі керек.
Бұл жоба «Ұлттық киім — бренд, қазақша сөйлеу — тренд» деп аталады.
Мақсаты — білімді, адами қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, туған үйін, туған тілін, Отанын сүйетін тұлғаны қалыптастыру.

«Өткен жылы киім кию, шашбау тағуды ұйымдастырдық. Биыл қыркүйек айынан бастап ақ дастархан жаюды енгіздік. Оқушылармен ақылдастық. Ата-аналар да келісті. Қазір апта сайын 7 мен 10-сынып арасында челлендж жасаймыз. Яғни, әр сыныптың оқушылары кезекпен жұма күні үйінен барын алып келіп, дастархан жаяды. Құрт, ірімшік, бауырсақ, жеті нан, қытырлақ, қымыз — бәрі болады. Мұны міндеттемейміз. Әркім шамасына қарай әкеледі. Оны барлық мектеп оқушыларымен бөліседі», — дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Жанәбілқызы.

Оқушылар да бұл бастаманы қуана құп алған. Таңғы уақытта мектепке келгенде ұстаздарының дастархан жайып қарсы алуы ерекше қуаныш сыйлайтынын жеткізді.
«Осы күн арқылы біз ұлттық құндылығымызды бойымызға сіңіріп, өсіп келе жатырмыз. Әдемі ұлттық киіммен жүру біз үшін мақтаныш. Үйден алып келіп, мектеп ішінде киіп жүреміз. Құрт жейміз. Қымыз ішеміз. Соның өзі қызық. Мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұруын қалаймыз», — дейді 10-шы сынып оқушысы Дильназ Дәулетхан.

Ұлттың мол мұрасы дәріптеліп жатқан білім ордасында үзіліс кезінде қазақ әуендері мен күйлер ойнап тұрады. Одан бөлек «көңілді үзіліс» бар. Сабақ басталғанша оқушылар дәлізде қара жорға мен түрлі сергіту билерін билейді.
«Мектебімізде 1700-дей оқушы бар. Әрбір бала бұл жерде өзін бақытты әрі еркін сезіну керек деп есептеймін. Оқушылар ғана емес, көңілді үзілісті біз де ұстаздар балалармен бірге өткіземіз. Мысалы, өткен аптада қара жорға биін биледік. Оқушылардың оң бастамаларын қолдап отырамыз. Бейсенбіде „Таза мектеп“ жобасы бойынша сыныптарды оқушылардың өздері жуып, тазалайды. Бұл да оқу мен еңбектің егіз ұғым екенін оқушы санасына құю», — дейді мектеп директоры Айжан Жұмәділова.
Еске салайық, осыған дейін жетісулық 7 жасар Амир Айдарханов әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленгенін жазғанбыз.
