Талдықорғанда жылу желілерін жөндеу сметасы 85,1 млн теңгеге негізсіз ұлғайтылған

АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласында магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасының құны 85,1 млн теңгеге негізсіз ұлғайтылғаны анықталды.

Қаржы нарығында жаңа бақылау жүйесі іске қосылады
Коллаж: Kazinform\Canva

Талдықорған қаласының прокуратурасы мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына талдау жүргізген.

Тексеру барысында қаладағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасының сметалық құжаттамасынан қате анықталды. Атап айтқанда, алынатын асфальтобетон массасын есептеу кезінде оның қабатының қалыңдығы ескерілмеген.

Соның салдарынан шығарылуға тиіс қалдықтардың массасы нақты 5 273,7 тоннаның орнына 105 474 тонна деп көрсетілген. Яғни көрсеткіш 20 есе артық есептелген.

– Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде шарттың құны 85,1 млн теңгеге төмендетілді. Бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол бермеуге мүмкіндік берді, – делінген прокуратура хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, жалпы Жетісу облысы бойынша прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 1,2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алды алынған.

Жетісу облысының прокуратурасы бюджет қаражатын тиімді пайдалану және негізсіз шығындарға жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Жамбыл облысында вагон береміз деп 22 млн теңге алған күдіктілер ұсталды.