Талдықорғандық 2602 бала тегін үйірмеге қатысып жүр

Талдықорған қаласында орналасқан Оқушылар сарайында 46 түрлі үйірме бар. Онда 2602 оқушы тегін қосымша білім алуда. Секция және үйірме жеткіншектері соңғы техникалық құралдарымен жабдықталған оқу кабинеттерінде оқиды, деп хабарлайды Kazinform.

Үйірме
Фото: Талдықорған оқушылар сарайы

Қосымша білім беру балалардың бос уақытында мектептен алған білім-тәрбиесін толықтырып, жеткіншектердің шығармашылық қабілетін арттырып, рухани-әлеуметтік, моральдық тұрғыда дамуына ықпал етеді.

«Оқушылар сарайы 2016 жылы қолданысқа берілді. Ғимарат 3 қабатты, 5 бөліктен тұрады. Үйірме жұмыстарына арналған 45 кабинет бар, 4 шеберлік, 8 зертхана, 3 көрме залы, концерттік, акт, мәжіліс-залы, медиатека, мұражай, жанды бұрыш, дыбыс жазу студиясы, жұлдызды зал және обсерватория жұмыс істейді», - дейді Ләззат Есболава.

Үйірмелер 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, сәндік-қолданбалы, лингвистикалық, көркем-эстетикалық, музыкалық, ғылыми-техникалық, туристік,спорттық және балалар қозғалысы бар.

Үйірме
Фото: Талдықорған оқушылар сарайы

Ғылыми-техника дамыған заманда осы бағыттағы үйірмеге ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда ғылыми зерттеулерге, техника әлеміне баулуға, әртүрлі техникалық объектілерді модельдеуге және құрастыруға және тәжірибелік-эксперименттік жұмыс жүргізуге үйретуге, техникалық ғылымдар, компьютерлік технологиялар саласында білім беруге, қажетті дағдыларды үйретуге мүмкіндік береді.

Тұмса табиғаты көздің жауын алатын Жетісу өңірінде туризм саласын дамыту облыстың бірден-бір өзекті мәселесі. Сондықтан жеткіншектерге туризм- спорт бағытындағы үйірмелер де бар. Ол тау туризмі, жаяу саяхаттау , өрмелеу, туристік көпсайыс, қазына іздеушілер бөлімдеріне бөлінеді.

Үйірме
Фото: Талдықорған оқушылар сарайы

Оқу-тəрбие үдерісін инновациялау – бүгінгі күннің өзекті мəселесі, мұғалімдер жаңа әдіспен, жаңа технологияны жиі пайдаланады. Қазіргі технологияда «миға шабуыл», дебат, модем, жоба жасату, қорғату, оқу, жазу арқылы оқушылардың сыни көзқарасын қалыптастыру жиі қолданылады.

«Жас актер» үйірмесіне жетекшілік ететін ҚР Халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы сахнаға жас жеткіншектерді дайындап, поэтикалық қойылымдар ұйымдастырады.

Үйірме
Фото: Талдықорған оқушылар сарайы

Ғылыми-техникалық бағытты дамыту және оны IT-технологияның әртүрлі салаларында кеңінен қолдану мақсатында «TECHNOPAPK», IT-сынып, Fab Lab орталықтары үлкен жетістіктерге жеткен.

Директордың айтуынша, биыл Астана қаласында өткен халықаралық Central Asia First Championship жарысына «IT JET» командасы додаға түсіп, 80 команда арасынан үздіктердін ішінен көрініп «INNOVATION PROJECT AWARD FINALIST» жүлделі 2 орынды иеленген. Сондай-ақ Тараз қаласында өткен техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру) республикалық жарысына қатысқан Нұрасыл Шарипов, Жәнібек Тұрсынбекұлы, Арслан Аркенов ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнайы сертификатымен марапатталған.

Бұдан бөлек, «Солнышко» ансамблі халықаралық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтатын болсақ, Испания, Италия, Франция, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде өткен байқауда бас жүлдені иеленді.

Үйірме
Фото: Талдықорған оқушылар сарайы

«Мұрагер» домбырашылар ансамблі де Чехия мемлекетінде жеңіске жетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Санкт –Петербургте өткен супер финалға қатысып, бірден 2 орынды иеленді.

Сол сияқты «Мелоди Кидс» вокал студиясы, «Унисон», «Веселая компания» үйірмелері талай мәрте халықаралық, республикалық байқауларда жүлдері орындарға ие болуда.

Өнерпаздың эстетикалық талғаммен орындаушылық қабілетін дамытуда «Қуыршақ театры» үйірмесінің орны тіпті ерекше. Үйірме оқушылары өздері сомдаған ертегілерін сарай сахнасында, балабақшаларға қойып кішкентай көрермендерінің қошеметіне бөленіп жүр.
«Бала Әлемі-2023» атты республикалық байқауында ән жанры бойынша бас жүлдеге Талдықорғандық Ақбота Әсет лайық деп танылған.

«Жалпы, Оқушылар сарайы жеті жылда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жоғарыда атап өткенімдей, балаларымыз көптеген жарыстардан тек алдыңғы қатардан көрініп жүр. Оқушылардың шығармашылығын шыңдау, дарынды баланы дәріптеу осында жұмыс істейтін әрбір ұстаздың басты міндеті. Алдағы жылға да жоспар ауқымды», - деп атап өтті Сарай директоры.