Талдықорғанның бюджеті 33% ұлғайтылып, қаланы дамытудың басым бағыттары белгіленді

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Талдықорғанды алдағы жылдарда қауіпсіз, жайлы, жасыл қала ретінде дамыту міндеті қойылған. Оны іске асыру үшін 2025-2026 жылдардың нақты жоспарлары жасалып, қала бюджеті 33 пайызға ұлғайтылды.

Талдықорған
Фото: Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев

Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың журналистерге берген сұхбаты барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы өз сөзінде облыс орталығын дамытудың басым бағыттарына тоқталды. Бұл ретте қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі алдыңғы орында тұр. Осы мақсатта қоғамдық тәртіпті қадағалайтын 585 бейнекамера және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 136 «Сергек» камерасын орнату межеленген.

Талдықорған
Фото: Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев

«Смарт Сити» форматы бойынша қаланың тіршілігін тәулік бойы бақылай алатын ситуациялық орталықты іске қосу жоспарда бар. Оған қоса көшелерді жарықтандыру да қолға алынады. Бүгінгі күні қаладағы 640 көшенің 420-сында ғана, яғни, 65 пайызына жарық орнатылған. Осыған орай жергілікті бюджеттен биыл көшелерді жарықтандыруға 3,5 млрд теңге бөлініп отыр. Соның арқасында бірқатар саяжайда және «Хутор», «Шығыс» және басқа да аудандарда көшелер жарықтандырылады.

Сонымен қатар қаланың өмір сүруге жайлы болуына да назар аударылады. Яғни халық баспанамен, жылумен, электрмен, сумен, газбен қамтамасыз етілуі керек. Мәселен, өткен жылы Талдықорғанда 1283 отбасыға баспана берілсе, биыл тұрғын үйге ие болатындардың саны 1500-ге жуықтайды деп жоспарланып отыр.

Талдықорған
Фото: Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев

Шаһардың көркі абаттандыруға тікелей байланысты. Сондықтан аулаларға воркаут алаңдарын салу, көп қабатты үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жаңарту, арықтар мен арналарды қалпына келтіру жалғасады. Былтыр 28 көпқабатты үйдің шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Көппәтерлі 10 үйдің қасбеті жасалды. Биыл тағы 30 көпқабатты үйдің шатыры мен 32 үйдің қасбеті жөнделеді.

Талдықорған
Фото: Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев

- Қаладағы «Ұлан» ықшамауданына отыз жылдан астам уақыт жөндеу жүргізілмеген. Ауданды абаттандыру мәселесін ұзақ талқылап, сараптама жасап барып, шешім қабылдадық. Сол арқылы тәжірибе қалыптасты. Енді кешенді түрде жұмыс істейміз. Былтыр алдымен 25 көп пәтерлі үйдің 5 ауласын жөндедік, қалған аулаларды биыл бітіреміз. Сондай-ақ «Ұлан» ықшамауданындағы жөндеуді қажет ететін көп қабатты үйлердің шатырын жөндейміз. Содан соң «Жетісу» және «Жұлдыз» ықшамаудандарына ауысып, кешенді тәртіппен көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Яғни, алдымен қаланың назардан тыс қалған шеткі аудандарын қамтимыз, - деді Б. Исабаев.

Талдықорған
Фото: Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев

Көгалдандыру жайына келсек, Талдықорғанда өткен жылы 10 мыңдай ағаш отырғызылса, биыл 12 мыңнан астам көшет егу көзделген. Қаланың «Құлагер» шағынауданында аумағы 1,2 гектар болатын жаңа саябақ салу жоспарда бар. Ал «Бірлік» ауданында жаңа сквер пайда болады. Сол сияқты ағаштар мен көгалдарды суару жүйесін реттеу қолға алынған. Бүгінге дейін шамамен 10 шақырымдай арық жүйесіне жөндеу жүргізілді, бұл жұмыс биыл да жалғасады. Оған қоса Орталық және «Жастар» саябақтарына ағымдағы жөндеу жасалады.

Талдықорған
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар