Талдықорған маңындағы тарихи петроглифтер жойылып кетуі мүмкін – қоғам белсенділері

Талдықорған
Фото: «Петроглифтердің ізшілері» қоғамдық қоры

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «Талдықорған өңіріндегі бірегей петроглифтердің жойылу қаупі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Жиынға спикер ретінде «Петроглифтердің ізшілері» ҚҚ үйлестірушісі Ольга Гумирова, Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан, Текелі қалалық қоғамдық палатаның өкілі Наталья Хабарова, «Зеленое спасение» («Жасыл құтқару») экологиялық қоғамының жетекшісі Сергей Куратов қатысты. 

Талдықорған
Фото: «Петроглифтердің ізшілері» қоғамдық қоры

Биыл 9 ақпанда Қызылтас жотасы ауданында (Талдықорған қаласынан 4 шақырым жерде) екі өндірістік жарылыс болды. Оның бірін қала тұрғындары видеоға түсіріп алған. Бұл аймақта ғалымдар әлі зерттемеген, тарихи ескерткіштің ресми мәртебесі берілмеген көптеген петроглифтер бар болып шықты. Сондай-ақ мұнда сарапшылар мен ғылыми еріктілердің барлау нәтижесінде табылған бірегей, теңдесі жоқ жартас суреттері бар. Бұл туралы «Петроглифтердің ізшілері» қоғамдық қорының үйлестірушісі Ольга Гумирова айтты.

Спикердің сөзінше, өткен жылы «Атамекен» РКП алаңында қоғам, әкімдік өкілдері мен диорит өндіруші «Темірбетон» кәсіпорны арасында аталған мәселені шешу туралы келісімге қол жеткен болатын. 

«Ол үшін еріктілер қажетті құжаттарды, оның ішінде техникалық-экономикалық негіздеме, қоғамдық тыңдаулар хаттамасын, археологиялық сараптаманы, апаттық қазба жұмыстары туралы есептер мен басқа да құжаттарды алуы керек болған. Сонымен қатар Мәдениет министрлігі тарапынан арнайы комиссияны құру ұсынылған еді. Алайда қоғам белсенділері ол құжаттарды әлі алған жоқ. Комиссияның қорытындысына қатысты сұрақтар көп. Ал 9 ақпанда кәсіпорын жұмысын қайта бастады. Қызылтас жотасы алып кешен болғандықтан дау-дамай басылар емес. Біз мұқият тексерістерді жүргізуді ұсындық. Қазір біз кен орнының басқа да игеру жұмыстары болуы мүмкін екенін естіп отырмыз», - деді Ольга Гумирова.

Талдықорған
Фото: «Петроглифтердің ізшілері» қоғамдық қоры

Қоғам белсенділері жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін, археологиялық және экологиялық сараптама материалдарын, қоғамдық тыңдау хаттамасы мен 32 сақ қорғанында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есебін сұраған. Алайда «Темірбетон» ЖШС мен «Казархеология» ЖШС (археологиялық сараптама жүргізген) археологиялық зерттеулер бойынша есеп беруден бас тартып отыр. 

Талдықорған
Фото: «Петроглифтердің ізшілері» қоғамдық қоры

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан тарихи ескерткіштерді қорғауда жүйелі заң бұзушылық бар екенін айтты.

«Бір жеке компания рұқсат алу үшін екінші жеке компанияға ақша бере отырып жүгінеді. Бұл – тікелей мүдделер қақтығысы. Мен мұндай рұқсаттарды беруге құқығы бар 200-ден астам жеке ұйымның бар екенін білдім. Менің ойымша бұл – біздің заңнамадағы жүйелі қателік. Депутаттарға осыған назар аударуға кеңес беремін. Ескерткіштерді сақтау мәселесі мемлекеттің құзырында болуы керек», - деп атап өтті ол.

Текелі қалалық қоғамдық палатаның өкілі Наталья Хабарованың айтуынша, өткен жылы Талдықорған қаласының әкімі «ескерткіштерді жоюды тоқтатамыз» деп ел алдында уәде берген. 

Талдықорған
Фото: «Петроглифтердің ізшілері» қоғамдық қоры

«Ол уәде жай сөз болып шықты. Жергілікті қоғам белсендісі Динара Бәкірова 2020 жылдан бері облыс, қала әкімі аппаратынан бастап, барлық құзырлы органдарға жүгінген. Алайда оның өтініштері елеусіз қалып отыр», - деді Наталья Хабарова.

«Зеленое спасение» («Жасыл құтқару») экологиялық қоғамының жетекшісі Сергей Куратов петроглифтер секілді ескерткіштерді жылжыту мүмкін емес екенін, себебі жартастағы бейнелер, қорғандар мен жартастар біртұтас дүние екенін атап өтті. 

Талдықорған
Фото: «Петроглифтердің ізшілері» қоғамдық қоры

«Бұл – мәдени ландшафт. Олар адам мен табиғаттың біріккен туындысы. Тарихи, мәдени және экологиялық тұрғыдан алғанда ерекше жалпы адамзаттық құндылыққа ие археологиялық ескерткіштер», - деді ол.

Жиынға қатысушылар қоғам өкілдерін тарта отырып, қайта тексеріс жұмысын ұйымдастыру қажеттігін айтты. 

Талдықорған
Фото: «Петроглифтердің ізшілері» қоғамдық қоры
Талдықорған
Фото: «Петроглифтердің ізшілері» қоғамдық қоры
Соңғы жаңалықтар