Талдыкөл бойында экопарктер болады - Астананың Бас жоспары талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада қоғамдық кеңістіктер мен абаттандырылған аумақтар (саябақтар, гүлзарлар мен желекжолдар) көптеп пайда болады. 2035 жылға дейінгі қаланың Бас жоспарының жобасы тұрғындардың қатысуымен «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
None

Мәселен, 2023 жылы Үркер (Ильинка), Телман елді мекендерінде, Ш.Айтматов көшесі аумағында, Ж.Тәшенов пен Т.Хусейн көшелерінің қиылысында, Абай даңғылында гүлзарларды абаттандыру жоспарланып отыр.

Сол сияқты Абылайхан даңғылының бойында, Күйші Дина көшесінен Мұстафин көшесіне дейінгі аралықта, Жүргенов көшесі, 28/1, Қошқарбаев көшесі, 45, Қордай және Тайқазан көшелерінің қиылысында, К.Әзірбаев көшесі, 10-14 және тағы басқа мекенжайларда аллея ашылады. Мәлім етілгендей, соңғы жылдары Астанада жыл сайын 200-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды.

Сонымен қатар Үлкен және Кіші Талдыкөл бойында экопарктер салынады. Экопарк жобасы аумақты абаттандыруды, Үлкен және Кіші Талдыкөл су балансын сақтап әрі толықтыра отырып, рекреациялық аймақ салуды көздейді. Су айдындары салынады, олар сумен қамтамасыз етіледі. Бұл судың тепе-теңдігін сақтауға және судың табиғи түрде сүзілуін жасауға, экожүйенің биоәртүрлілігін сақтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін Кіші Талдыкөл ауданында саябақтың рельефін құру және ағаш отырғызу үшін аумақты дайындау жұмысы басталған болатын. Сол сияқты Үлкен Талдыкөл маңында қорық және орман-саябақ аймағы бар елдегі алғашқы табиғи парк ашылады.

Кейінгі жылдардың өзінде Астанада 900-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды.

«Астананың Бас жоспарының жобасы талқылау кезеңінде тұр. Бас жоспар жобасын талқылау 2022 жылғы 15-18 қараша аралығында «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС ғимаратында, Астана қаласы, Ә.Мәмбетов көшесі, 22 мекенжайында өтеді», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар