Талдыкөл сарқынды су жинақтаушысын жою жобасы 2016 жылға қарай аяқталады - Астана

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Талдыкөл сарқынды су жинақтаушысын жою жобасы 2016 жылдың соңында аяқталады. Бұл туралы бүгін Астана қаласының мәслихатының кезектен тыс XXIX сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды astana.kz.

Талдыкөл сарқынды су жинақтаушысын жою жобасы 2016 жылға қарай аяқталады - Астана

«Талдыкөл сарқынды су жинақтаушысын жою жобасын тапсыру мерзімі 2017 жыл деп белгіленген болатын. Қазіргі уақытта жүргізілген жұмыстар кестеден алға кетті. Сондықтан жобаны тапсыру мерзімі 2016 жылдың соңы», - деді қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Павел Кулагин өз көзінде.

Айта кетейік, бұл аса ірі жоба, оны 2011-2016 жылдары жүзеге асыру көзделген.

«Жобаның мақсаты - тазартылған сарқынды суларды Есіл өзеніне жіберіп, Талдыкөл су жинақтаушысының ауданын 2 мыңнан 600 гектарға дейін азайту, сондай-ақ, тазарту құрылғыларының өнімділігін тәулігіне 136-дан 254 мың текше метрге дейін ұлғайту болып табылады», - деді П.Кулагин.

Сонымен қатар, Басқарма басшысы орындалған жұмыстардың аралық қорытындысын шығарды.

«Бекітілген жоспарға сәйкес бірінші кезекте жоба бұдан әрі қабылдау мен процедураларды жеңілдету үшін 4 кешенге бөлінді. Сондықтан мемлекеттік комиссия 1 және 2 кешендерге өткен жылы қол қойды. Олар бойынша БӨП салынып, материалдар мен қондырғыларды қамтамасыз етіп, биологиялық тазалауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ультракүлгін зарарсыздандыру цехында шамдар ауыстырылды, жүк техникасына арналған жөндеу-тұрақ боксы салынды, сондай-ақ, суды сорғы стансасының Есіл өзеніне құю орнына дейін жиынтық коллектор төселді, құю орны мен жағаны күшейту бойынша жұмыстар жүргізілді», - деді П. Кулагин.

Еске салайық, Талдыкөл 1970 жылдан бері сарқынды сулардың жинақтаушысы болып табылады. Ұдайы ағып тұратын сарқынды сулар оның табиғи жағасын шайып кеткен. 1969 жылы көлдің айналасына жасанды бөгет салынып, ол Целиноград қаласының кәріздік тазарту құрылыстарының бір бөлігіне айналды. Бүгінде Талдыкөл әлі де Астана қаласының тазартылған сарқынды суларын аккумуляциялауға арналған сыйымдылық болып табылады. Оның көлемі 65,5 миллион текше метр суды құрайды.