Талдыкөл су жинақтаушысын жою жобасы тазарту құрылғылары өнімділігін 2 есеге арттырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Талдыкөл сарқынды су жинақтаушысын жою жобасын 2011-2016 жылдары жүзеге асыру көзделген.

Талдыкөл су жинақтаушысын жою жобасы тазарту құрылғылары өнімділігін 2 есеге арттырады

Жобаның мақсаты - тазартылған сарқынды суларды Есіл өзеніне жіберіп, Талдыкөл су жинақтаушысының аумағын азайту, сондай-ақ тазарту құрылғыларының өнімділігін тәулігіне 136 000 текше метрден 254 мың текше метрге дейін ұлғайту.

«Бекітілген жоспарға сәйкес, бірінші кезекте жоба іске қосу бойынша 4 кешенге бөлінді. Қазіргі кезде мердігер қосымша құрылғының құрылысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтады»,-делінген Астана әкімі баспасөз қызметінің мәліметінде.

Сонымен қатар 2-ші іске қосу кешені бойынша жұмыстар да аяқталды. Оның аясында қолданыстағы сарқынды суды тазарту жүйесін жаңғырту, құбырларды монтаждау, нысандардағы технологиялық жабдықтарды ауыстыру шаралары қамтылды.

3-ші іске қосу кешені өзінің жұмысын 2014 жылдың тамызында бастайды.

Бұлар атқарылғаннан кейін «Талдыкөл» су жинақтауышының көлемі 2 021 гектардан 612 гектарға дейін азаяды.

Еске салайық, Талдыкөл 1970 жылдан бері сарқынды сулардың жинақтаушысы болып табылады. Ұдайы ағып тұратын сарқынды сулар оның табиғи жағасын шайып кеткен. 1969 жылы көлдің айналасына жасанды бөгет салынып, ол Целиноград қаласының кәріздік тазарту құрылыстарының бір бөлігіне айналды. Бүгінде Талдыкөл әлі де Астана қаласының тазартылған сарқынды суларын аккумуляциялауға арналған сыйымдылық болып табылады. Оның көлемі 65,5 миллион текше метр суды құрайды.