Талдықорған әкімінің орынбасары мен экс-кеңесшінің соты кейінге қалдырылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асқар Тұтыбаев пен Талдықорған қаласы әкімінің экс-кеңесшісі Алмасбек Садырбаевқа қатысты сот отырысы кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Іс бойынша басты сот отырысы 28 тамызға белгіленген болатын. Сағат 16:30 да  басталған процеске жәбірленуші, айыпталушы, куәгерлер мен БАҚ өкілдері де бірнеше минут бұрын ерте келді. Алайда сот процесі басталмай жатып, аяқталды. Себебі, айыпталушы Алмасбек Садырбаев қолына айыптау актісін алмаған, іспен таныспаған болып шықты. Ендігі сот отырысы  6 қыркүйекке белгіленді. Процесс сағат 11:00-де Талдықорған қалалық сотында өтпек.

Аталған істе Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асқар Тұтыбаев экс-кеңесші Алмасбек Садырбаевты сотқа беріп отыр. Қазір Алмасбек Садырбаевқа ҚР ҚК 380-бабы бірінші бөлігі  (билік өкіліне қатысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану) бойынша айып тағылуда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алмасбек Садырбаев қала әкімінің орынбасары А. Тұтыбаевпен әкімдікте төбелескендігі туралы Фейсбуктегі  парақшасында жазған болатын.  Ал әкім орынбасары бұл жайтты жоққа шығарды. Тұтыбаевтың сөзінше, олар төбелеспеген. Тек Алмасбек  Садырбаев оны балағаттап, ұрған. Ал істің осыншама насырға шабуына Тұтыбаевтың  құжатқа қол қоймауы себеп болғанға ұқсайды. Алайда әкім орынбасары «алғашқы құжатқа қол қойып бердім, бірақ онысы жарамсыз болып қалды», деген болатын.

Соңғы жаңалықтар