Талдықорған әуежайында өрт болды, екі адам зардап шекті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Талдықорған әуежайы аумағында болған өрттен екі адам зардап шекті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбайға сілтеме жасап.

Талдықорған әуежайында өрт болды, екі адам зардап шекті

 «Талдықорған әуежайының хабарлауынша, 2017 жылдың 15 маусымы күні 14:15-те жанар-жағармай қоймасының сорғы стансасы маңында (перроннан 1,2 шақырым қашықтықта орналасқан) жанармай құятын МАЗ маркалы АТЗ-10 көлігі өртенген. Жалын әуежайдың өртке қарсы қызметінің (2 техника) және Талдықорған Төтенше жағдайлар департаментінің қатысуымен сағат 20.30-да ауыздықталды», - деп хабарлады Мұрат Жұманбай.

Оның айтуынша, өрт салдарынан 1979 жылы туған жанар-жағармай технигі және 1973 жылы туған әуе қауіпсіздігі қызметінің инспекторы зардап шекті. Олар Талдықорғанның көпсалалы ауруханасына жеткізілді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, зардап шеккендердің жағдайы «ауыр» деп бағалануда.

 «Әуежай қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Сағат 17:30-да әуежайда Талдықорған-Астана бағытындағы «СКАТ» АҚ әуе компаниясының рейсіне еш бөгетсіз қызмет көрсетілді. Қазіргі уақытта Үштөбе стансасы желілік ішкі істер бөлімі мен көліктегі ІІД қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауда», - деп хабарлады ресми өкіл.