Талдықорған маңынан заңсыз төгілген дәрі-дәрмек табылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласына қарасты Көктал ауылының маңына дәрі-дәрмек төгіп кеткен. Мерзімі өткен қауіпті препаратарды кімнің тастап кеткені белгісіз. Енді ауылдағы балалар осы химиялық заттармен ойнап, үйлеріне тасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорған маңынан заңсыз төгілген дәрі-дәрмек табылды

null
Көктал ауылының тұрғыны Ханшайым Бақтығаимова немересінің бір қорап дәріні үйіне алып келгенде, қатты шошығанын айтады. Енді ол осы заттармен ойнап жүрген балалар  уланып қалады ма деп алаңдайды. Дәрілер қорап-қорап болып шашылып жатыр. Оның ішінде гемодез, диаформин, депакин сынды бірнеше дәрілердің түрлері бар. Ал Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлғайша Иманбекова бұл заттар дәріханаларға тиесілі болуы мүмкін дейді. Себебі жекеменшік ұйымдар жарамсыз болып қалған дүниелерді жою үшін де қаражат төлеуі тиіс екен.

"Олар арнайы жою пештеріне өткізіп, ақы төлеулері керек. Менің ойым, қаражат төлемей, шығын шығармас үшін ауылдың шетіне шығарып, лақтырып тастау  оларға тиімді болуы мүмкін" ,  - дейді бөлім басшысы.
null 

Әкімдіктегілер де бұл жайттан хабарсыз болып шықты. 

"Көктал ауылында  арнайы қоқыс төгетін  жер жоқ. Бізде қалада тек Өтенай ауылында ғана бар. Бұны бір кісілер төгіп кеткен ғой. Енді біз тексереміз. Полиция қызметкерлерімен  ол кісілерді тауып, айыппұл салып, тексеру жұмыстарын жүргіземіз", - дейді  Еркін ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қанат Рысбеков.
null 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар да барлық дәрілердің көзін жоямыз дейді. Негізінде заңға сәйкес мерзімі өткен дәрілер жойылуы тиіс. Ол үшін министрліктің арнайы бекіткен бұйрығы бар.