Талдықорған маңындағы зиратта 3 қабір қазылып, бүлінген

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Талдықорған маңындағы христиандардың зиратында әлдекім қабірлерді қазған. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорған маңындағы зиратта 3 қабір қазылып, бүлінген

Аталған жайттың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазба авторы Еңбек ауылындағы зиратта жерленгендердің қабірін белгісіз біреулердің қазып кеткенін айтады.

Полиция бұл фактіні бірден тіркеп, қазір істі жан-жақты тергеп жатыр.

«Талдықорған маңында Еңбек ауылындағы 3 қабірдің бүлінгені анықталды. Алдын ала болжам бойынша, қабірлерді жан-жануарлар қазып кетуі мүмкін. Барлық болжамдар ескеріліп, тергеу барысында назарға алынады. Осы факті ҚР ҚК 314-бабы (Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау) 1-бөлігіне сәйкес тіркелді», - деп мәлімдеді Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, істі Талдықорғанның полициясы тергеп жатыр. Аталған факті облыстық полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.



Видеодан алынған кадр