Талдықорған мен Қапшағайда жылумен жабдықтау қызметтеріне тариф төмендетілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – «Талдықорған жылу сервисі» МКК-да 1 Гкал үшін тариф 1,34%-ға, «Қапшағайжылу» МКК-да 1 Гкал үшін 3 тариф 33,66%-ға төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талдықорған мен Қапшағайда жылумен жабдықтау қызметтеріне тариф төмендетілді

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті «Талдықорған жылу сервисі» МКК-ның және «Қапшағай жылу» МКК-нің 2019 жылдың қорытындысы бойынша тарифтік сметасының және инвестициялық бағдарламаларының орындалуына талдау жүргізген.

«Нәтижесінде, «Талдықорған жылу сервисі» МКК-ы үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, 42 069 913,81 теңге көлемінде негізделмеген пайда мөлшері анықталды.

Осыған орай, департаменттің 2020 жылғы 11 мамырдағы бұйрығымен «Талдықорған жылу сервисі» МКК-ы үшін бір жылға 1 Гкал үшін 6 326,23 теңге мөлшерінде уақытша өтемдік тариф бекітілді, яғни тариф 1,34%-ға төмендетілді, бұл тариф 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді», делінген хабарламада.

«Қапшағай жылу» МКК-ы үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, 883 339 912 теңге негізделмеген пайда мөлшері анықталған.

«Осыған байланысты, департаменттің 2020 жылғы 31 наурыздағы бұйрығымен «Қапшағайжылу» МКК-ы үшін үш жылға 1 Гкал үшін 3 161,03 тенге мөлшерінде уақытша өтемдік тариф бекітілді, яғни тариф 33,66%-ға төмендеді, бұл тариф 2020 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді», делінген хабарламада.