Талдықорған прокуратурасы облыстық наркодиспансердегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласының прокуратурасы Алматы облыстық наркологиялық диспансері ғимаратында болған өрт фактісі бойынша, адамдар өліміне әкеліп соқтырған өрт қауіпсіздігінің бұзылғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 256- бабы бойынша қылмыстық іс қозғады,
деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметінен.
Қылмыстық істің тергелу барысы Бас прокуратураның бақылауына алынды.
Атырауда тұрғызылып жатқан көпірдің құлау фактісі бойынша қылмыстық істің тергелуі мен Алматыдағы газ баллондарының жарылу фактісі бойынша алдын ала тексеру де прокуратура органдарының қадағалауымен жүзеге асырылуда.
Бас прокуратура көп адам құрбандықтарына және үлкен материалдық шығындарға әкеліп соқтыратын өрттерді барынша азайту мақсатында халық көп жиналатын барлық жерлерде өрт қауіпсіздігінің сақталуына тексерулер ұйымдастырды. Бұл ретте балалар бақшаларына, балалар үйлеріне, ауруханаларға, сәбилер, мүгедектер және қарттар үйлеріне, орта және жоғары оқу орындарына және басқа да әлеуметтік сала нысандарына ерекше назар аударылатын болады.
Тексеру қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.