Талдықорған жастары туған қаласын насихаттайтын мюзикл түсірді
«I love Taldykorgan» мюзиклі - туған жерге, туған елге, туған қалаға деген сүйіспеншілікті насихаттайтын, отбасылық құндылықтар мен бауырластық идеяларын алға шығарған 50 минуттық фильм. Басты кейіпкерлердің өмір тарихын ән мен бимен аша отырып, табиғаттың әсемдігімен, қаланың көрікті ажарымен тамаша үйлесімде бере білген. Фильмде облыс орталығының басты көрнекті орындары мен жаңа нысандары, соның ішінде әуежай, Қаратал өзенінің жағалауы, «Жастар» саябағы, Оқушылар сарайы және басқа да нысандар көз тартады.
Фильм режиссері - Ерлан Ошақбаев, сценарий авторы - Медет Құрманов пен Әділбек Әбілов. Басты рөлдерді Ерік Хами мен Карина Жұмалиева сомдады. Сол сияқты мюзиклда Бексұлтан Қазыбек пен Аян Төлепберген де ойнаған.Фильм аяқталғанда көрермендер дуылдата қол соғып, өздерінің ыстық ықыласын білдірді.
Жастардың маңызды жобасына қолдау білдіргені үшін жастардың атынан фильмнің режиссері Ерлан Ошақпаев облыс басшылығына алғысын жеткізді.
«Мюзикл көңілді әрі шынайы фильм болып шыққан екен. Талдықорған - өте әдемі қала, жуырда журналистерге берген сұхбатында Елбасы Талдықорған туралы жақсы пікір білдірді. Біз сол бағаға қуанып қана қоймай, соған лайық бұдан әрі де жұмыс жасауға тиіспіз. Бүгінгі фильмде тек қаланы ғана емес, оның ең басты байлығы - оның мейірімді де дарынды тұрғындарын да көрсете білдіңдер. Креативті ойларың үшін көп рахмет айтамын. Біз өз тарапымыздан жастардың бастамаларын қашанда қолдаймыз. Осы жылды Президент Жастар жылы деп жариялады. Бұл жыл өз мүмкіндіктеріңді барынша ашуға мүмкіндік беретін ерекше жыл болмақ. Сендерге шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Атап өтсек, бұл - Жетісу жастарының облыстық ішкі саясат басқармасымен бірігіп түсірген үшінші фильмі. Мюзикл Талдықорған қаласы мен оның маңында 15 күн ішінде түсірілген.