Талдықорғанда 100-ге жуық құрылысшы еңбекақыларын ала алмай жүр
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат-Талдықорғанда «Коттеджді қалашықтың» құрылысын жүргізіп жатқан 97 адам еңбекақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Талдықорғанда «Коттеджді қалашықтың» құрылысшылары үш айдан бері жалақысыз отырғандарын айтады. Бір-бір отбасының асыраушылары бала-шағасының қамы үшін құрылыс басында түнеп, қыстың қара суығында жұмыс істеп, маңдай термен тапқан еңбекақыларына қол жеткізе алмай отырғандарына күйінеді. 100-ге жуық құрылысшының көбі Орал, Шымкент сынды Қазақстанның өзге өңірлерінен жұмыс іздеп келгендер екен.
«Осы жердегі барлық жұмысшылардың біреуінің баласы осы мейрамға шыға алмады. Осы жаныма қатты батты. Мен өзім Оралдан келдім. Мына жерден 3500 шақырым. Ақшамды ала алмағын жаныма батады», дейді Орал қаласының тұрғыны Жігер Жолаев.
Ал құрылысты жүргізіп жатқан «МК-build-Д» мердігер компаниясының прорабымын деп өзін таныстырған Рысбай Құсайынов есімді азамат құрылысшылардың шағымы орынды дейді.
Айтуынша, аталған серіктестіктің 97 жұмысшы алдында 9 миллион теңгеден астам берешегі бар. Сөздерінше, тапрысты берген Талдықорған қаласының әкімдігінен қаражат бөлінбей жатыр. Ал тапсырыс берген Талдықорғанның әкімдігі сәуір айының басында ақша бөлінеді деп сендірді. Бірақ не себепті қаражаттың уақтылы бөлінбей жатқанын түсіндірмеді. Айта кету керек, коттедж қалашықтағы баспаналардың құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.