Талдықорғанда 13 жастағы оқушы велосипед ұрлады деген күдікпен ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда 13 жастағы оқушы велосипед ұрлады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірнеше сағат бұрын полиция қызметкерлері 12 шілдеде ұрланған «Batler» маркалы қымбат велосипедті тауып, жергілікті тұрғынға қайтарып берді. Ұрлық жасады деген күдікті ұсталды, ол 13 жасар жасөспірім болып шықты», - делінген Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мүлкін тапқан әйел өз кезегінде ұрланған мүлікті іздеуде жедел әрекет еткен тәртіп сақшыларына ризашылығын білдіріп, бейне хабарлама жазды.
Полицейлер мопед, скутер және велосипед иелерін өз мүлкінің қауіпсіздігі үшін қырағы болуға шақырды. Қала тұрғындарына екі дөңгелекті көліктерді қараусыз қалдырмауға кеңес берді. Қажет болған жағдайда оларды көшедегі бақылау камераларының көріну алаңында қалдыру, сондай-ақ ұрлыққа қарсы құралдарды пайдалану қажет.